Жамбылдағы жарылыс: Еліміздің барлық мешітінде Құран хатым бағышталады

Жамбылдағы жарылыс: Еліміздің барлық мешітінде Құран хатым бағышталады
сурет: Ummet.kz

Ертең Бас мүфтидің бастамасымен еліміздің барлық мешіттерінде Құран хатым түсіріліп, дұға жасалады.

Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауы – еліміздің басына түскен ауыр сынақ, барша қазақ елінің қабырғасын қайыстырғанын жазды muftyat.kz, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

29 тамыз, жексенбі күні, таңғы сағат 10:00-де еліміздің барлық мешіттерінде Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты олардың рухына бағышталып Құран Хатым дұғасы оқылады.

Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан қайғылы жағдайға байланысты Алматы қаласы имамдары және жамағаты атынан көңіл айттты. 
«Апаттан қаза болған азаматтардың жанұясына, жақындарына көркем сабыр мен амандық тілейміз. Алла Тағала зардап шеккен жандардың тез сауығып кетуін нәсіп еткей. Бұл тұтас қазақ еліне ортақ қайғы.
Ертең Бас мүфтидің бастамасымен еліміздің барлық мешіттерінде Құран хатым түсіріліп, дұға жасалмақ. Біз де дұғадамыз. Жаратқан Ием елімізді түрлі апаттардан сақтасын!
Ибраһим пайғамбар (ғ.с.): «Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт шаһар қылғайсың!», - деп Мекке шаһарына жасаған батасындай құт мекен қазақ елі меңгілік жерұйық болғай! Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық берсін. Әумин», - деп жазды Алматы қаласының бас имамы Алматы орталық мешітінің әлеуметтік парақшасында.

Еске салсақ, адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.