Зейнет жасындағы ҰҒА академиктеріне стипендия төленеді

Зейнет жасындағы ҰҒА академиктеріне стипендия төленеді
Сурет: Egemen.kz

Оның мөлшері - 60 АЕК, яғни 207 000 теңге.

Қазақстан Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен зейнет жасына жеткен Ұлттық Ғылым академиясының академиктеріне ай сайынғы стипендия мөлшері белгіленді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Стипендияға ілігу үшін академиктер келесі құжаттарды ұсынуы қажет:

  • Стипендияны еркін нысанда төлеуге өтініш;
  • ҰҒА академигі мәртебесін растайтын құжат (ҰҒА академигі мәртебесін беру туралы ҰҒА отырысының хаттамасынан үзінді);
  • ҚР азаматтығын растайтын құжат (ҚР азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі);
  • Екінші деңгейдегі банк айқындайтын нысан бойынша шоттың болуы туралы банктен анықтама.

Шәкіртақы төлеу келесі жағдайларда тоқтатылады:

  • ҰҒА академигінің қайтыс болуы (қайтыс болу туралы анықтама/куәлік);
  • ҰҒА академигін хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау (сот актісі);
  • ҰҒА құрамынан шығару (ҰҒА Президиумы отырысының хаттамасынан үзінді);
  • Стипендиат ҚР азаматтығынан айырылған жағдайда.

Қаулы 2023 жылдың 10 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.