Заңның игілігін көріңіз!

Заңның игілігін көріңіз!
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Жаз - көліктің кез келген түрімен қозғалыстың көбейетін шағы. 

Елдің іші болсын, сырты болсын саяхат, демалыс, балалардың демалысы деп тыным таппаған ығы-жығы халық.  Қозғалыс көбейген соң жолаушылар тасымалында қиындық туындап, желіде үнемі реніш пен ашуға толы жазбалар да көп. Күні бұрын, күн емес, жарты жыл бұрын алып қойған ұшақ уақытымен ұшпай,  пойыздың кестеден қалып қоюына елдің еті үйренгелі қашан. Бірақ онсыз да алтынға бергісіз  уақытын жоғалтқанымен, кешіккені үшін сол әуе компанияларының билет құнының 10%-ын қайтаруы тиіс екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Осы мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаев өзінің фейсбуктегі парақшасында жақсы көтеріпті. Сол жазбаны назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

«Менің айтпағым да осы мәселеге қатысты:

Жақында әріптес ағам Еділ Жаңбыршин екеуміз ел жаққа бірге ұштық. Маңғыстауда кездесулеріміз жоспарланған еді.

Астана әуежайына біз уақтылы келгенімізбен, Air Astanaның ұшағы уақтылы ұша қоймады. Уақтылы дегенде жарты сағат, бір сағат дегенге етіміз әбден үйренді ғой. Енді бұлар екі сағат, үш сағаттап ұшпауды шығарыпты. Біздің ұшағымыз бақандай үш жарым - төрт сағатқа кешігіп ұшты!

Отандық әуе компанияларының осы жауапсыздығына зығырданым қайнап жүретін. Былтыр Мәжіліске келген көп заңның бірі - дәл осы тақырыпқа қатысты "Көлік туралы заң" болды.

Жиі ұшамын, кешіккен ұшақтың кесірінен талай аузым күйді, көптеген әріптестер де, азаматтар да жиі айтатын осы мәселені.

Алдымызға келген заңға "тасымалдаушы тарап ұшақ, пойыз, автобус құралдарын кешіктірген әр сағатқа билет құнының 3% өтемақы ретінде қайтаруы тиіс" деген түзетуді Еділ Терекбайұлы екеуіміз ұсындық!

Яғни, ұшақ, пойыз немесе автобус бір сағат кешіксе 3%, екі сағатқа 6%, осылайша қосыла береді. Тіпті, бұлай жалғаса берсе жолаушы билет құнын толық қайтарып алуы да мүмкін

Бұл, әрине, тасымалдаушыларға ұнаған жоқ. Алайда, халыққа керек түзету, ел үнемі шағымданатын нәрсе болған соң сөзімізден танбай, айтқаннан қайтпай отырып алдық. Ақыры, Мәжіліс заңға толықтыру енгізді, Сенат мақұлдады, қаңтар айында Президент қол қойды. Сүйтіп, осы жылдың басынан бері бұл заң күшінде!

Air Astanaның ұшағы төрт сағатқа жуық кешігіп ұшты. Еділ ағам екеуміз елге аман есен жеттік. Үйге келдім де, "өзіміз ерекше еңбек сіңірген заң еді, қалай жұмыс істеп тұрғанын көрейінші" деген оймен, компанияның ресми сайтына кіріп, шағым қалдырдым.

Қадірлі ағайын! Үш-ақ қадам. Қиын ештеңесі жоқ екен, мен кешіккен үш сағаттан астам уақыт үшін билет құнының 10% сомасын қайтарып алдым.

Бұл үшін не істеу керек? Реті былай:

1) Компанияның ресми сайтына кіресіз. Тікелей сілтеме: help.airastana.com. Осы жерге толық аты-жөніңізді, билет нөмірін, рейс нөмірі, ұшу уақыты қаншаға кешіккені және электрон поштаңызды жазасыз. Яғни, шағым қалдырасыз.

2) support@help.airastana.com - тұтынушылардың қолдау бөлімінен жауап келеді, "сіздің шағымыңыз тіркелді" деген жауап болады және қосымша анкета жолданады. Осы анкетадағы сұрақтарға жауап бересіз. Аты-жөніңіз бен ақшаны қайтару үшін есепшот нөміріңізді жазасыз.

3) "Өтінішіңіз бойынша талап еткен өтемақы сомасы сіздің шотыңызға жіберілді" деген хабарлама келеді. Осылайша, Сіз Мәжіліс қабылдаған заңның игілігін көресіз!

Өз басымнан кешкен оқиға. Өзіміз енгізген ұсыныстың, қабылдаған заңның жұмыс істеп тұрғанын көріп, қуандым. Бірақ...

Бірақ, сол Едақаң екеуіміз ұшқан рейспен Ақтауға 180 жолаушы келді. Солардың арасынан компанияға шағым түсіріп, өтемақы талап еткен жалғыз мен болармын.

Егер, сол 180 адамның әрқайсысы шағым жасап, кем дегенде 8 - 9 мың теңгеден өтемақы алатын болса, сол күні Air Astana кешіккен бір рейс үшін шамамен 1 440 000 теңгедей өтемақы төлеген болар еді...

Әр рейс үшін бір жарым миллион төлеп отыру кімге ұнайды? Келесіде кешікпеуді үйренер еді!

Құрметті ағайын, бұл жазбам мақтан да емес, міндетсіну де емес. Бұл халқымыз заңның тетіктерін біліп, өзінің құқықтарын толығымен пайдаланса екен деген тілек!

Егер осындай кішкентай нәрселерден бастап талап ете білсек, алып компанияларды жауапкершілікке үйретеміз, бірте бірте тұтас қоғамға өзгеріс әкелеміз.

Бәрі өз қолымызда»! - деп аяқтапты өз жазбасын Самат Мұсабаев.