Жаңаруға қабілетті ұлт – жаһанға қадірлі

Жаңаруға қабілетті ұлт  –  жаһанға қадірлі
egemen.kz

Қазір егемен еліміздің жаңа дәуірге қадам басқанын көріп те, біліп те отырмыз. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, алдағы 5 маусымда өтетін республикалық референдум - соның жарқын айғағы. Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бүкілхалықтық талқылау нәтижесінде қабылданатын болады. Міне, осы тақырып арқау болған Ұлттық кітапханадағы «дөңгелек үстел» басында республикалық және аймақтық кітапханалар жетекшілерінің қатысуымен конституциялық өзгерістер туралы жан-жақты әңгіме өрбіді.

Елімізде қайта жаңғырған сенім мен түсіністік 2019 жылдың қоңырқай күзінде басталды десем, артық айтқандық емес. Бұл серпіліске республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі  «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында жасаған бастамаларының, әсіресе, «еститін мемлекет» құру жөніндегі ұстанымының негіз болғаны да шындық. Содан бері Мемлекет басшысының сөйлеген сөздерінде талай жыл ел-жұрттың қабырғасына батқан өткір мәселелер ашық қозғалып, оған жауаптыларға қатаң талап қойылуының куәгері болып келеміз. Мәселен, бизнес өкілдерімен кездесуінде Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің жекелеген адамдар және құрылымдармен сыбайластыққа баруға еріксіз мәжбүр болатынын атап көрсетті.

Сондықтан қазір, сайып келгенде, бұрынғы «қоғамдық келісім» талаптары елеулі түрде өзгертіліп, мемлекет пен азаматтық қоғамды   өзара серіктес етудің саяси, әлеуметтік-экономикалық тетіктері бірте-бірте іске қосылуда. Бұл әбден қордаланып қалған проблемаларды шапшаң қолға алып, адамдар үшін  пайдалы шешімдер қабылдау мүмкіндігін әлдеқайда жақсарта түсті. Әсіресе, қоғамның әлжуаз топтарына көмек көрсетуге жете көңіл бөліне бастағаны жұртшылықтың ризашылық сезімін туғызуда. Мәселен, еліміздегі ең төменгі жалақының мөлшері аз ғана уақытта, ең алдымен, 42 500 теңгеге көтеріліп,  биылғы 1 қаңтардан бастап тағы да 41 пайызға өсті және 60 мың теңгені құрап отыр.

Бірақ халықты әлеуметтік қолдау бағытында атқарылатын шаруа әлі де баршылық. Көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар көмекке аса зәру. Халықтың мұқтаж топтарының өзекті мәселелері жайында қазір жергілікті жерлерде ғана емес, республикалық мәртебелі бас қосуларда да айтылып, нақты шешімдер алынатынын көріп жүрміз. Әлбетте, ол қамқорлықтың мемлекетіміздің экономикалық мүмкіндігіне қарай жүзеге асырылатыны да түсінікті. Мәселен, дана халқымыздың «бірінші байлық – денсаулық» деген тағылымына орай ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға баса назар аударылуда. Пандемия зардабынан сабақ ала отырып  қабылданған шаралар бар­­лық медицина мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жарақтан­ды­руға, науқастарға арналған орындар қо­рын 50 пайызға жаңартуға, ескірген ин­­фра­құрылымды ауыстыруға, өмір ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жет­кі­зуге мүмкіндік береді екен.

Жалпы, соңғы үш жылдың бедерінде елімізде жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды жұмыстар Мемлекет басшысының, жаңа айтқанымыздай, алғашқы күннен ұстанған халық үніне құлақ асатын мемлекет бағытының және қоғамдық өмірдің барлық саласында әділеттілікті барынша орнықтыру жөніндегі талабының қисынды жалғасы болып табылады. Мәселен, Президентіміздің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауы соның тағы бір дәлелі. Жолдау, әдеттегідей Ұлттық кітапхана ұжымында да талқыланып, ондағы көтерілген өзекті мәселелер әдеби кештер мен басқа да мәдени шаралардағы әңгімелердің арқауына айналып келеді.

Әділеттілікке көздері жеткен азаматтар ғана мемлекет ісіне белсене араласып, еңбектің нәтижелі болуына мүдделілік танытады. Ел арасында көптен бері айтылып, шешілуі созылып келген бір ғана мәселеге байланысты аталған Жолдауда айтылған «Ұлттық табыстың өсімінен түсетін игілік­тер­ді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифті­лер­ді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өт­кір талабы міндетті түрде орындалуы тиіс» деген сөздердің билік басындағылар үшін нақты тапсырма екені түсінікті. Бұған қоса, әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу, адами капиталды дамыту жолындағы және басқа да сан-салалы жұмыс өз жемісін бере бастады.

Республикада азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын одан әрі арттыруға басымдық беріліп отыр. Ал адамдардың тұрмыс дәрежесі мен күнкөріс жағдайының, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей қатысты екені баршаға мәлім. Мәселен, қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел тұр­ғын­дарының зейнетақы жинағының бір бөлігін осы мақсатқа пайдалануға  мүмкіндік туғызылды. Тегінде, кез келген қоғамда әлеуметтік салаға қаржылық жағынан қолдау көрсетіп, оны сапалық жаңа деңгейге көтеру мемлекет пен қоғамға ортақ міндет болып табылады. Бұл жерде адамдардың жаңаруға қабілеттілігі мен белсенділігінің және мемлекеттің экономикалық, ғылыми-техникалық әлеуетінің маңызы зор.

Биылғы 16 наурыздағы Жолдауында Мемлекет басшысы «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстанымның  әрдайым  өзектілігін, яғни еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы  өте маңызды екенін атап көрсетті. Қазір Семей аймағында Абай облысын, Жезқазған облысының аумағында  Ұлытау облысын, ал Алматы облысын екіге бөліп, бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстарын құру жөніндегі жұмыстар басталып та кетті. Республика аймақтарын дамыту ісіне тың серпін беретін бұл қадамды халқымыз көптен күткен еді.

Ел қалауымен қабылданатын конституциялық өзгерістер біздің мемлекетіміздің халық тілегіне сергек қарайтын мемлекетке айналып келе жатқанын көрсетеді. Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына жол ашқан бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде байқалуда. Сондықтан жаңаруға қабілетті ұлттың ғана жаһанға кадірлі екенін әрқашан есте ұстауымыз қажет. Демек, 5 маусымдағы республикалық референдумға бір кісідей қатысып, ел мұратын көздеген шешімге қолдау білдіру – біздің әрқайсымыз үшін азаматтық парызымыз деп түсінемін. Қазақстан кітапханашылары өз міндеттеріне осындай жауапкершілік тұрғысынан қарайды.