«Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Сурет: Gov.kz

Биыл байқауға 5,5 мың педагог өтінім берді.

«Үздік педагог-2022» республикалық байқауында 64 мұғалім жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептер мен колледждердің үздік мұғалімдеріне ақшалай сертификаттар мен төсбелгілер табыстады.

«Биыл байқаудың бірқатар ерекшелігі болды. Біріншіден, бұрын конкурсқа қатысушыны мектеп директоры ұсынатын. Қазір әр педагог өз кандидатурасын ұсына алады. Екіншіден, әріптестеріміз өтінімдерінің қандай кезеңде тұрғанын, қанша балл алғанын қадағалай алды. Биыл байқауға 5,5 мың педагог өтінім берді. Олардың ішінен 120 педагог іріктеліп алынды», деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, педагогтер елордаға келіп, өздерінің ашық сабақтарын көрсеткен. Соның қорытындысында жетекші әдіскерлер ең үздік деген 64 ұстазға дауыс берген.