Үйіне ұры түскенін естіген Англия құрамасының ойыншысы еліне қайтты

Үйіне ұры түскенін естіген Англия құрамасының ойыншысы еліне қайтты
Сурет: Sportrbc.ru

Англия құрамасының ойыншысы Рахим Стерлинг үйіне ұры түскендіктен, еліне қайтып кетті.

Британдық Daily Telegraph журналисі Мэтт Лоу мәлім еткеніндей, Қатарда ұлттық құрама сапында ойнап жүрген футболшы Р.Стерлингтің Лондондағы үйін өткен сенбіде ұрылар тонап кеткен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Өз туғандарының аман екеніне көз жеткізу үшін үш кішкентай баласы бар Рахим Ұлыбританияға оралуды жөн көрген. Сол себепті ол Англияның 1/8 финалда Сенегалмен өткен ойынына қатыса алмады. Футболшы Қатарға қайтып оралуы мүмкін екендігі жазылады. Ол әзірге әлем чемпионатында бір гол соқты.

Сенегалды 3:0 есебімен жеңген Англия ширек финалда 10 желтоқсанда әлем чемпионы - Франциямен кездеседі.

Англия құрамасының бас бапкері Гарет Саутгейт Рахим Стерлингтің еліне кеткенін растап, отбасы бірінші орында тұруы керектігін, ойыншыны қолдайтынын жеткізді.