Ұялы байланыс тарифі негізсіз қымбаттап жатыр

Ұялы байланыс тарифі негізсіз қымбаттап жатыр
Сурет: almaty-akshamy.kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ұялы байланыс тарифтерінің қымбаттауына байланысты Үкіметке арнайы сауал жолдады. 

«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 2023 жылы 57%-ға дейін өскен. 

Ал 2021-2022 жылдары тарифтердің өсуі орташа алғанда 13-тен 37%-ға дейін болған», – деді депутат.

Бейсенбаевтың пайымынша, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1 790 теңгеден 2 490 теңгеге дейін (өсім 39%); Кселл мен Теле2 тамыз айынан бастап түрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. 

Мысалы, «Реальный безлимит» (Кселл) 3 390 теңгеден 4 390 теңгеге (өсім 29 %), «Просто супер» (теле2) 2 590 теңгеден 3 290 теңгеге (өсім 27 %) артқан.

Ең қызығы, Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстеме қосып отыр. Сонда 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін, яғни, 59 пайызға қымбаттады, – деді ол.

Байланыстың бағасы қымбат болса да, сапа сын көтермейді. 

Байланыс өте әлсіз және интернеттің жылдамдығы тым баяу. 

Speedtest рейтингі бойынша мобильді интернет жылдамдығынан Қазақстан 142 елдің арасында 67-орында тұр.