Үстел теннисінен әлем чемпионатында Алан Құрманғалиев жүлдегерлер қатарына қосылды

Үстел теннисінен әлем чемпионатында  Алан Құрманғалиев жүлдегерлер қатарына қосылды
Сурет: Aikyn.kz

Тунисте үстел теннисінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Қарағандылық А.Құрманғалиев (бапкері Эльмира Алиева) мысырлық Хана Годамен бірге аралас жұпта жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Осылайша, қазақстандық-мысырлық жұп кемінде қола жүлдеге ие болады. Олар 1/8 финалда пуэрторикалық Энрике Риос – бразилиялық Сенага Ширайды тізе бүктірді. Ал ширек финалда франциялықтар Натан Лам – Гаэтана Блэдадан айласын асырды.

Сөйтіп, А.Құрманғалиев Қазақстан үстел теннисі тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері қатарынан табылып отыр.

Жартылай финалдық бәсеке желтоқсанның 8-інен 9-ына қараған түні өтеді. Сонымен қатар А.Құрманғалиев жекелей сында да бақ сынайды.