«Ұшу қауіпсіздігі - біздің басты басымдық»

«Ұшу қауіпсіздігі - біздің басты басымдық»
twitter.com

Fly Arystan кей рейстердің неліктен ұшпай қалғанын түсіндірді

Fly Arystan әуе компаниясы 19 наурыз күні бірнеше рейстің шегерілуіне байланысты желі қолданушыларының шағымына түсініктеме берді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Желі қолданушылары 19 наурызда Fly Arystan әуе компаниясы қызмет көрсетуге тиіс болған Нұр-Сұлтан – Қостанай рейсінен себепсіз түсірілгенін айтып шағымданған болатын.

Әуе компаниясы аталмыш шағым бойынша пікір білдірді.

ҚазАқпарат жолдаған сауалға берген жауабында компания өкілдері 19 наурыз күні Нұр-Сұлтан - Қостанай бағытындағы КС 7341 рейсі орын саны шектеулі бортпен ұшқанын хабарлады.

«Техникалық себеп бойынша және басшылыққа алынуға тиісті құжаттарға сәйкес, аталған әуе кемесінде жолаушылар саны бойынша 110 орындық уақытша шектеу қойылды. Мұндай шешім қабылданғаннан кейін компания осы рейске билет алған жолаушылардың бәріне қоңырау шалып, басқа күндерді ұсынды. 19 наурызда ұша алмаған жолаушыларға басқа күндерге қайта брондау ұсынылды. Сондай-ақ қонақ үйден орын, тамақ және трансфер ұсынылды. Қайта брондауға келіспеген жолаушыларға әуе билетінің үш есе құнына тең ваучер жазылды», - делінген компания жауабында.

Әуе компаниясы өкілдері аталған олқылық үшін жолаушылардан кешірім сұрағанын айтып отыр.

«Ұшу қауіпсіздігі біздің басты басымдық болғандықтан, осындай шешім қабылданды», - дейді FlyArystan мамандары.

Сондай-ақ, әуе компаниясы Алматы-Орал бағытындағы рейспен болған жағдайға түсініктеме берді.

Ұшақ 26 наурызда ұшып шыққанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты Атырауға қонған болатын.

«26 наурызда Алматы-Орал бағытында ұшып шыққан КСХ 7165 рейсі Орал қаласындағы қолайсыз метеожағдайларға байланысты Атырау қаласына қонғанын хабарлаймыз. Рейс сол күнгі сағат 14.30-ға қалдырылды. Кейін рейс уақыты сағат 21.00-ге дейін ұзартылды.Бірақ ақыры тоқтатылды. Жолаушыларға сусын мен тамақ, жатар орын ұсынылды. Сонымен қатар, жолаушыларға билет құнын сатып алған орынға қайтарып алуға болатыны айтылған», - делінген жауапта.