Ұрпаққа беретін тәрбиелік мәні бар

Ұрпаққа беретін тәрбиелік мәні бар
Сурет: Almaty.tv

«Тағзым» мемориалының ашылуы – өте маңызды оқиға. Қаңтар оқиғасының залалы, әсіресе, Алматы қаласына тиді. Қаншама халық зардап шекті, қаншама ғимараттардың астаң-кестеңі шықты. Сол кездегі халықтың бастан өткен жағдайын түсініп, қаза болған азаматтарды еске алып жүру үшін және мұндай оқиға қайталанбауы үшін мемориалдың ашылуы өте дұрыс. Сондай-ақ, кейінгі ұрпаққа беретін үлкен тәрбиелік мәні бар.

Мемориал тек жеке автордың көзқарасымен жасалған дүние емес, оны жасау үшін байқау жарияланды. Ол еліміздегі үздік сәулетшілер, үздік өнер қайраткерлерінің жобалары бойынша салынып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемориалдың маңызы жоғары екенін ашылу салтанатында айтып өтті. Сондықтан қаңтар оқиғасының жылдығына сәйкес дер кезінде ашылды деп айта аламын.

Мемориалдың ішінде қасіретті күндердің белгісі ретінде қара түсті және жарқын болашағымыздың кепілі ретінде ақ түсті төртбұрыш элементтер бар. Сол әр элементтің бетінде қазақ халқының дана ұлдарының айтқан қанатты сөздері жазылған. Өзім Жұбан Молдағалиев, Ілияс Есенберлиннің айтып-жазған өсиеттерін көрдім. Оның бәрі мемориалға келген әр адамға ой салады. Бұл ескерткішке «Тағзым» деп ат берілуі өте дұрыс. Кешенге келген адамдар оған тағзым етіп, сол күндерді еске алады.