Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
almaty-akshamy.kz

ұлттық дәстүрді, отбасы құндылықтарын ұлықтау – ата-ананың басты міндеті

Өмірде ешкіммен жарыспай-ақ озып жүретін адамдар болады. Менің Сымбат есімді құрбым бар. Бірде сол құрбыммен хабарласпақ болып ұялы телефонының нөмірін іздедім. Таппаған соң, үйіне хабарластым. Сөйтсем, әлгі замандасым қаланың қақ ортасында тұрса да, ұялы телефон ұстамайды екен...

«МАҒАН БАЛАЛАРЫМНЫҢ ТАҒДЫРЫ ӘЛДЕҚАЙДА МАҢЫЗДЫ»

Кеше үйіне телефон шалып едім, тұт­қаны өзі көтерді. Амандық-саулық сұрас­қан соң бірден:

– Оу, құрбым, әлем телефонның қызы­ғына әлдеқашан енгенде, сенікі қызық екен? Мына заманда қалай телефонсыз жүрсің? – деп сұрадым.

– Телефон тұр ғой, бірақ пайдаланбай­мын. Іздеген адам үйге хабарласады, – дейді саспай... – Табиғатым сол, телефонға онша құмар емеспін, интернет ақтарып отыру үшін уақытың кетеді. Сенсең, жұ­мыста отырғанда ғаламторды да көп пай­далана бермеймін, – деп сауалыма қарай жауабын айтты да, әңгімесін әрі қарай жалғады:

– Өзің білесің, біз де ел секілді үйге кешкісін жиналамыз. Жұбайым жұмыстан келгенше үйде болуға тырысамын. Себебі, ер адам ғой, жұмыстан келгенде тамағы дайын тұрсын деймін. Аяқасты бір шаруа­лар шығып қалмаса, ол жұмыстан ешқа­шан кешіккен емес. Тура 19.30-да үйде болады. Сол уақытқа дейін асымды әзірлеп үлгеруім керек деймін де, жылдам кешкі астың қамына кірісемін. Әйтеуір үлге­ремін. Оның арасында мектептен балала­рым келеді. Барлығының басы қосылғанда үйіңнің іші у-шу болады да кетеді. Бірін- бірі тыңдамай, қызықтарын жарыса айтқан кездері, тіпті қызық. Соларға қарап сүйсі­немін. Ал енді өзің айтшы, бұл бақытты сәттен көзді интернетке қалай тайдыра­сың! Барлығымыз күні бойы жұмыста жүреміз. Затымыз әйел болған соң, үйдің берекесі біздің қолымызда екені белгілі. Жұмыстан келгенде жұбайыңның қас-қа­бағына қарамасаң, балаларыңа көңіл бөл­месең, несіне өмір сүріп жүрмін?! Егер мен телефон шұқылап, елдің өмірін тама­шалап отырсам, менің балаларыма кім жағдай жасайды? Олармен кім сөйлеседі, тәрбиені кім береді? Жо-жоқ, маған әлеу­меттік желідегі жылтыр суреттен гөрі өз балаларымның тағдыры әлдеқайда маңыз­ды, – деп барып тоқтады құрбым.

 

ҚАЗАҚТЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРІН ДӘРІПТЕЙТІН ОТБАСЫ

Шынында да, сөзінің жаны бар. Сым­бат өте бақытты әйел. Оның отбасында қазақтың салты мен дәстүрі салтанат құр­ған. Балаларының тәрбиесі қандай! Қай­сыбір күні үйіне қонаққа барғанбыз. Үлкен қызы алдымыздан жүгіріп шығып аман­дасты да, «төрге шығыңыздар» деп ілтипат танытты. Кәдімгідей сүйсінеді екенсің. Олардағы тағы бір жақсы үрдіс – әкелері дастархан басына отырып бата жасамай, ешкім асқа қол созбайды. Және тамақтың соңынан ас қайырмай, орындарынан тұр­майды. Төрлерінде қазақтың қара домбы­расы, оның бергі шетінде қамшы ілулі тұр. Өздері өнерден де құралақан емес. Дастар­хан басында отырғанда талай рет отбасы­мен ән салып берген. Ұлдары асық ойнау­ды үйреніп жүр екен. Баласынып жеті атасын сұрасаң, оны да жатқа айтады.

Құрбым айтпақшы, егер анасы теле­фон шұқыласа, мұның барлығын балалар қайдан, кімнен үйренер еді. Ақылдылығы да сол емес пе? «Мен телефонға қызық­паймын. Тіпті, ұстамаймын да. Қажет болсам, керек адамдар өздері тауып алады. Сондықтан Мұхаметжан Тазабек айтпақ­шы, әкесі ұлына өмір сүру ұлағатын айтып отырса, анасы қызына киімін, дүниесін таза ұстауды міндеттесе, ұрпақ жаман бол­майды», – дейді ол сөз арасында.

Расында да, бұл телефон адамның уа­қытын ұрлағанымен қоймай, өзіне тәуелді етіп қояды. Отбасыңдағы жақын адамда­рыңды жат қылады. Бүгінде жұмыстан шаршап келген әкенің диванда жатып са­ғаттап телефонға қарауы, анасының асүйде жүріп, әлеуметтік желіден көз алмауы, ба­ласының бір бұрышқа отырып алып теле­фон шұқылауы қалыпты жағдайға айнал­ған. Тіпті, кейбір әкелер баласының қай сыныпта оқитынын сұрағанда, күбіжіктеп, жауап бере алмай жатқанына өзім талай куә болғанмын. Әлбетте, мұның барлығы әлгі құрғыр телефонның кінәсі деп құтыла салуға болады. Бірақ ешкім сізді мәжбүр­леп телефон қаратпайды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді ха­лық даналығы. Демек, бала тәрбиесінде әкенің де, ананың да рөлі маңызды. Егер бала санасына салт-дәстүрімізді ертерек сіңірмесек, бұғанасы қатқан шақта бұл тәрбие бойына дари қоюы екіталай. Сон­дықтан ұлттық дәстүрді ұлықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеп отыру ата-ана­ның басты міндеті.

 

БІР ШАҢЫРАҚТА ЖАТ АДАМДАРША ӨМІР СҮРУ – ҚАСІРЕТ

Жасыратыны жоқ, бүгінде көпшілігіміз күйбең тірлікпен жүріп күн батырғаны­мызға мәзбіз. Әйтпесе, дастархан басында ата-ана балаларымен шүйіркелесіп оты­рып шай ішетін, бос уақытында бірге оты­рып кітап оқитын, тәлімі мен тәрбиесі те­рең әңгімелермен ұрпағын сусындатып отыратын сәттер қайда? Ондай балалар есейгенде елін құрметтейтін, Отанын сү­йетін нағыз азамат болатынын білсек те, телефонды шұқылауымызды қояр емеспіз.

Ойды ой қуады ғой, бірде сәті келіп, тағы бір танысымның үйіне бардым. Дәл астың үстінен түсіппін. «Кел, кел, шай іш» деген соң, астан ауыз тиюге дастархан ба­сына отырдым. Отырғанымды қайтейін, өзімді сондай ыңғайсыз сезіндім. Әкесі мен балаларының қолында бір-бір теле­фон. Бір қарасаң, барлығы бір үйдің мүше­лері. Бірақ бір-біріне жат адам секілді. Ешкім бір-бірімен сөйлеспейді, бір-біріне тіпті қарамайды да. Әркім өз әлемімен үнсіз отыр. Асын ішіп біткені, орындары­нан үндемей тұрып кетіп жатыр. Тіпті, әкесі де қолына телефонын ұстаған күйі арғы бөлмеге кетті. Дастархан басында көршім екеуіміз ғана қалдық. Оның да қа­сында телефон тұр. Бірақ мен отырған соң ұялған шығар, қарамады. Онысына рахмет дедім іштей. Бір отбасының жақын әрі бө­тен болып өмір сүруі қандай қасірет. Бұл көрініс қазіргі қазақ отбасыларының 80–90 пайызында кездесетіні өтірік емес.

 

НОМОФОБИЯ – ТЕЛЕФОНҒА ТӘУЕЛДІЛІК ДЕРТІ

Сіз білесіз бе, ғалымдардың зерттеуі бойынша адамдардың 53 пайызы телефо­нын жоғалтып немесе сол байланыс құра­лының қуаты бітіп қалса, қатты күйзеліске түседі екен. Ал телефонын жоғалтып не­месе байланыссыз қалудан қорқатын адам­дарға психологтар номофобия деп ғылыми термин ойлап тауыпты. Сонда мұның бәрі нені көрсетеді дейсіз ғой? Әрине, бұл біздің телефонға тәуелділігіміздің биік көрсеткішін айқындап тұр. Жалпы, теле­фон байланысу үшін таптырмас құрал шығар, бірақ тәрбие үшін жақсы дүние емес. Арзан ойын-күлкі, түкке тұрғысыз қылжақ әңгіме, бос сөз. Біреудің өміріне қарап қызығу кімге керек?

 

Ой-түйін

Бір қарағанда, Сымбатқа қызығуға болады. Өзгелерге ұқсап, қит етсе телефонға шұқшимайды. Ол көп телефон қарамаған соң, жөнсіз көзім қарауытты, басым ауырды, шаршадым демейді. Ұмытшақпын деп ешқашан шағымданбайды. Түнімен телефон қарамайды, уақытында жатады, уақытында тұрады. Жөнсіз жұмыстан кешігіп, ұйықтап қалдым деген сылтау ешқашан айтпаған. Қысқасы, соткадағы болмашы нәрсені әңгіменің өзгеніне айналдырып уақытын бос өткізбейді. Сол себепті, жұмысын тиянақты әрі уақытында бітіреді. Сағат кешкі 18.00-де жұмысынан қайтады. Ең бастысы, бос уақытының бәрін отбасына арнайды...