Үндістанда өтетін робототехника чемпионатына 70 оқушы қатысады

Үндістанда өтетін робототехника чемпионатына 70 оқушы қатысады
Сурет: Оқу-ағарту министрлігінен

Олар The Goa International Robotics Festival ашық чемпионатында бақ сынасады. 

Құрамында барлығы 70 оқушы бар алты қазақстандық команда Үндістанға робототехника чемпионатына жол жүріп кетті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Sana Team, Zhylyoi technic, Qazaq style, Xcellence, Billion team, Stay hydrated және Nova Fusion командалары үш санат бойынша сайысқа түседі: FIRST LEGO League Explore, FIRST Lego League Challenge және FIRST Tech Challenge. Олардың құрамында Астана және Алматы қалаларынан, Атырау облысының Құлсары, Павлодар облысының Екібастұз қалаларынан келген оқушылар да бар. 

«Бұл чемпионатқа бұрын халықаралық жарыстарда тәжірибесі жоқ оқушылар да қатысуға мүмкіндік алды. Біздің балаларымыз ел намысын жоғары деңгейде қорғауға ниетті», - дейді Алматы қаласы білім басқармасы жанындағы «Алматы дарыны» орталығының бөлім басшысы Жанна Алмусаева. 

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық оқушылар өткен жылдың желтоқсан айында USTEM Foundation Қоғамдық Қоры ұйымдастырған Almaty Tech Cup республикалық турнирінде Алматы қаласы әкімдігінің және Оқу-ағарту Министрлігінің қолдауымен чемпионатқа жолдама алған еді. Чемпионатқа әр елден барлығы 220 команда қатысады.