Үміт – үміткерлердің дұрыс таңдалуында

Үміт – үміткерлердің дұрыс таңдалуында
almaty-akshamy.kz

Нұрдаулет АҚЫШ, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы:

 «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бүгінгі Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы бұрынғы сайлаулардан сәл өзгеше екені қарапайым сайлаушы ретінде баршамыздың назарымызды аударып отыр. «Сәл өзгеше» дегеніміздің өзі дұрыс болмас, әжептәуір жаңалықтары бар бұл сайлау демократияның келесі асуының көрінісі ретінде тарихымызға жазылып қалар деп үмітттенеміз.

Оған себеп біріншіден, 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттардың бір мандат арқылы сайланатын болуы. Президенттің кеңесшісі Е.Қариннің айтуына қарағанда, 98 депутаттың 29-ы Парламенттегі орнына осындай жолмен қол жеткізуі тиіс екен. Одан кейінгі мәселе  – кандидаттар бұрын тек саяси партиялардан және мемлекеттік емес ұйымдардан ғана ұсынылатын болса, қазір үміткердің өзін-өзі ұсыну мәселесі заңды түрде бекітілді. Бұл дегеніміз  – кандидат болғысы келетін ел азаматының кеңістігін кеңейту деген сөз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жол ашылып отыр. Осының бәрі  сайлау тетігінің бұрынғыдан да жетіле түскенін білдіреді. Сондықтан да тіркелген үміткерлер саны артты.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, біз өзіміздің Әділетті Қазақстанның Парламентін қайтадан жасақтайтын корпусты байырғы халықтың мүддесі тұрғысынан таңдап алуымыз керек. Мүмкіндігінше, елге жанашырлық танытатын  үміткерлерді іріктесек екен. Айналып келгенде, бұл сайлау еліміздің болашағын нығайта түсуге, тәуелсіздігін күшейтуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететін сайлау болуы керек.

Мен өзім, міне, Наурызбай ауданындағы №504 сайлау учаскесіне келіп, таңдауымды жасап отырмын.