Ұлттық құрылтай - ұлттың пікіралаңы

Ұлттық құрылтай - ұлттың  пікіралаңы
Сурет: Самат Құсайынов

Қаламгерлер тың ұсыныстарын ортаға салды

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында бірқатар қаламгерлер қатысқан дөңгелек үстел өтті. Үстел басында жақында өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер талқыға салынып, қаламгерлер өз пікірлерімен бөлісті деп хабарлайды Almaty-aqshamy.kz.

Қаламгерлер одағындағы кеңестің тақырыбы «Сөзден нақты іске: Адалдық – асыл қасиет» деп аталды. Дөңгелек үстел басына Қазақстан Жазушылар одағына мүше елге белгілі ғалымдар, жазушылар мен ақындар жиналды. Талқы отырысына қазақ, орыс және ұйғыр әдеби басылымдарының жетекшілері, сондай-ақ, өзге де БАҚ өкілдері де қатысты.

Сөз тиегін алдымен Ұлттық құрылтайға қатысып келген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ағытты. Ол үшінші рет өткізілген Ұлттық құрылтайдың ерекшелігіне тоқталып өтті. Құрылтай алаңының Мемлекет басшысына, жоғары лауазымдыларға жағымпазданудан ада, мейлінше еркін пікір алмасу болғанын, сондай-ақ, экономиканы дамыту мәселесінен бастап, руханият саласын кемелдендіру, әдебиет, аударма ісі, кітап шығару, тарих сынды толып жатқан тақырыптардың көтерілгенін жеткізді. Әрі, жиналған қаламгерлерден құрылтайда ортаға салынған және  өзге де мемлекет пен қоғам үшін өзекті мәселелер жөнінде ой-пікірлерін ортаға салуды сұрады.

Кезегімен сөз алған қаламгерлер пікірі Ұлттық құрылтайдың еліміз үшін қажетті пікір алмасу алаңы болды дегенге ортақтасты. Ары қарай көкейге түйген маңызды мәселелер турасында ойларымен бөлісті.

Жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбаев тәуелсіздіктен бері қарай ұлтымыздың жеткен жетістіктерін көлегейлеп, алға ілгерілеуіне үлкен кедергі болып тұрған жемқорлықты жоюда мемлекеттің батыл, өткір де пәрменді қадамға баруы керек екенін алға тартты. Кезекті сөзінде қаламгер әдебиет, білім салаларында қазақ тілінің қадірінің жыл сайын төмендей түскенін ашына айта келіп: «Мемлекеттік тілді дамыту үшін миллиардтап қаржы бөлудің керегі жоқ, бар болғаны мемлекет тарапынан қатаң талап, анық міндет болуы керек. Ең кемінде мемлекеттік тілді білмейтін адамның мемлекеттік қызметте істеуіне жол берілмесе де мемлекеттік өз орнына келер еді», – деді К.Сегізбаев.

Белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай алдағы құрылтайға шетел қазақтарын да қатыстыру керек деген салмақты ойын ортаға тастады. Шетелдегі қазақтардың мәселесі Қазақстан Республикасының ұдайы назарға алуға тиісті мәселесі болып қала беретінін, сондықтан олардың мәселесі де Ұлттық құрылтайда көтеріліп, соған қатысты шешімдер ізделуі керек екенін айтты. Жазушының сөзінше ұлтты жаңартып, жаңғырту бір ғана билік тарабынан жасалатын шаруа емес, оған қоғам болып атсалысып, жаңа идеяларды көтеріп, оны жүзеге асыру керек. Ол үшін ұлт интелегенциясы бәрінен бұрын ширақ іс алып баруға тиіс деді Смағұл Елубай. Ал Елтаңбаны өзгерту мәселесіне қатысты пікірінде: «Кезінде Әбіш Кекілбаев сынды тұлғалар жетекшілік еткен арнайы комиссия қабылдаған бұл Елтаңбаны ауыстыруда тым асығыстық жасауға болмайды. Бұл ең әуелі миллиардтаған қаржыны қажет етеді, қазіргідей әлеуметтік-экономикалық жағдайдың екіұдай кезеңінде бұндай мәселелер арнайы мемлекеттік комиссия құрыла отырып, терең талдау жасап асықпай істелетін жұмыс», – деді.

Қаламгерлер жиналған үстел басында елдегі білім беру саласындағы, ғылым саласындағы олқылықтар, қиындықтар турасында да тақырыптар көтерілді. Бұл турасында Қансейіт Әдбезұлы аса өзекті бірқатар мәселені ортаға салды. Соның бірі еліміздегі жас ғалымдардың PHD ғылыми атағын қорғауда ішкі-сыртқы кедергілерге тап келіп отырғаны туралы сөз етті. Айталық, SCOPUS-та мақала жариялау міндеттегелі біріншіден, бұл еліміздегі ғылыми еңбектердің бәрі сыртқа шығып жатқанын, екіншіден соңғы кезде бұның өзі біреулер үшін бизнеске айналып, зерттеушілердің докторлық қорғауына үлкен кедергі келдіріп отырғанын алға тартты.

Кеңесу барысында қаламгерлер алдағы жылдары өтетін Ұлттық құрылтайлар туралы да тамаша ұсыныстарын жеткізді. Айталық, келесі жылы Көкшетау жерінде өткелі отырған Ұлттық құрылтай Ботай қорғаны сынды маңызды тарихи орында өткізуді ұсынды. Адамзаттың алғаш жылқыны қолға үйреткенін айғақтайтын бұндай тарихи орында Ұлттық құрылтай өткізу еліміздің 5 мың жылдық ұзақ тарихқа ие ұлы далалық мәдениет бесігі екенін тіпті де айқындай түспек. Бұдан бөлек келесі Ұлттық құрылтай жиындарында шетел қазақтары да қатыстырылып, құрылтай мүшелерінің құрамы жыл сайын жаңарып отыру керек деген де ұсыныстар жеткізілді.