Ұлттық құндылықтар ұлықталды

Ұлттық құндылықтар ұлықталды
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Алматыда Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасында Наурыз мерекесі дәстүрлі түрде концерттік бағдарламамен аталып өтті. 

Көктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамының қарсаңында басқарма қызметкерлері күнделікті кеңсе киімдерін ұлттық киімдерге ауыстырып Алматылықтар мен әріптестерін жылы жүзбен  және «Парасат» жас домбырашылар ансамблінің қатысуымен ұйымдастырылған мерекелік бағдарламамен қарсы алды. Күйшілердің орындауында халық әуендері, оның ішінде атақты күйлер ойналды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

«Наурызнама» жоспары аясында өткен шарада жастардан құралған домбырашылар жиналып, қазақ күйлерін орындады. «Адай», «Ерке сылқым», «Балбырауын» сияқты танымал туындылар шертілді. 

«Наурыз мейрамы бейбітшілік пен ізгілікті, жаңа өмірді, табиғаттың оянуын, рухани өрлеуді бейнелейді. Ежелден наурыз мейрамы заман мен ұрпақтар арасындағы достықты, өзара сыйластықты және үздіксіз байланысты нығайтуға ықпалын тигізетін жарық күн ретінде қастерленіп келеді», -дейді басқарма басшысының орынбасары Еркебұлан Сембаев.

Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын естілді. Оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырды. 

Еске сала кетейік, биыл әз-Наурыз мерекесі жылдағыдан ерекше өтуде. Бір қуанарлығы, мұндай шаралар келешек ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды қадірлеуге тәрбиелейді. Ендеше атадан-балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды әлі де жандандырып, мәртебесін асыра беруіміз керек.