Төле би көшесіндегі жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады

Төле би көшесіндегі жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы «Akimat LIVE» бағдарламасы барысында Алматының дамуына қатысты шаһар тұрғындарының, БАҚ өкілдерінің сауалдарына және әлеуметтік желі арқылы келген оқырман сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

 СҰРАҚ:

  –  Біз Алматы қаласының  Алатау ауданына қарасты «Радуга» саяжайының тұрғындарымыз. Бізге 2018 жылы кәріз жүйесі жүргізілген болатын, су берілді. Кәріз жүйесі болса әлі күнге пайдалануға берілген жоқ. Мердігерлер нысанды «Алматы Су»-ға тапсырдық дейді, олар болса, қабылдаған жоқпыз деп отыр. Бір-біріне сілтейді.

 Екінші мәселе, жарықтандыру жайында. Біздің көшелер қараңғы. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар көп. Оқу басталса, жолға дейін 200 метр жүрулері керек болады. Осы сауалдарымызға  жауап берсеңіз...

  Бұл сауалға жауап беру үшін Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков эфирге онлайн қосылды:

    –  Бірінші сұрақ бойынша, «Радуга» саяжайында «Агидель» компаниясы су және кәріз жүйелерін жүргізген болатын. Су тұрғындарға толық жеткізілді, алайда кәріз жүйесін қосу үшін сорғы станциясын салу керек. Бұл бағытта қалалық энерготиімділік басқармасы жобалық-сметалық құжаттар дайындап жатыр. Біздің жоспарымыздағы 17 кәріз сорғы станцияларының ішіне кіріп отыр.

 Б.САҒЫНТАЕВ:

 –  Жарық мәселесі бойынша саяжайларды  қарастырмаған болатынбыз. Алатау ауданында жарығы жоқ көшелердің барлығы жарықтандырылды, жартылай жарығы жоқ көшелермен жұмыс істеудеміз. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін саяжайларға да кірісетін боламыз.

 СҰРАҚ:

   –  Мен балалар үйінің түлегімін. Жасым 34-те. 29 жасқа дейін заң жүзінде жетімдер қатарына ене алмай, баспанаға  кезекке тұра алмадым. Қазір де мүмкіндік болмай отыр. Маған көмектесуіңізді сұраймын. Қай жерге тіркелетінімді білмеймін, баспанам жоқ. Мені Абай мен Саин көшесі қиылысындағы «Жастар үйінен» 29 жасқа толғаннан кейін шығарып жіберген. Кәмелет жасқа толмаған екі балам бар.

 Б.САҒЫНТАЕВ:

   –  Сіз өзіңіздің жеке ақпараттарыңызды студияда қалдырыңыз, біздің қызметкерлер сізге кейін хабарласады. Көмектесеміз.

СҰРАҚ:

    –  Медеу ауданында «Широкая щель» аумағында таулы аймақ болғандықтан,  яы жолдар жабық. Жолдың үңірейіп тұрғанына 10 жылдай болды. Біз оны орнына келтіре алмай отырмыз. Қалалық мобильділік басқармасы өздеріңіздің қаражаттарыңыздан жасаңыздар дейді, алайда таулы аймақ жері қалаға кіреді ғой.

 Б.САҒЫНТАЕВ:

 –  Онда шынымен де құлаған 2-3 жолдар бар. Бау-бақша серіктестігі болғандықтан, біз онда жұмыстар жүргізбедік. Бірақ адам өміріне қауіп төндіретіндей жағдай болса, қарастырып көру керек.

 СҰРАҚ:

   –  Қонаев пен Мақатаев көшелерінің  қиылысында ескі, қураған терек тұр. Сізге екі рет хат жаздым. Мәселені шешу үшін өзіңіздің атыңыздан, әкімшіліктен комиссия жіберуді сұраймын.

Б.САҒЫНТАЕВ:

   –  Жақсы, ертең тексеруге мамандар жіберемін. Шынымен апатты жағдайда тұрса, тиісті шаралар қолға алынады.

СҰРАҚ:

   – Төле би көшесінде не болып жатыр? Не үшін оны қайта қазып жатыр? Жөндеу жұмыстары қашан бітеді екен?

 Б.САҒЫНТАЕВ:

– Төле бидегі бір жолақ қоғамдық көліктерге арналған. Байтұрсынов көшесінен Әуезов көшесіне дейін екі жолақ. Біреуі – қоғамдық көліктерге, екіншісі – қалалық көліктерге арналған. Біз осы аумақтағы рельсті алып, асфальт төсеп, кеңейтпекшіміз. Рельстің жанына бордюр қоямыз. Сонда көшенің екі жағында да 3 жолақтан болады. Қазіргі жөндеу жұмыстары тек осы учаскеде ғана жүріп жатыр. Біз жолды үш учаскеге бөліп тастағанбыз. Қазір үшеуінде де жұмыстар жүріп жатыр. Толық жұмыстар қазан айына дейін аяқталуы керек. 8 шақырым жолды біз орташа жөндеу жұмыстарымен жабамыз. Кейбір бордюрларды ауыстырамыз, арық жүйесі де қалпына келтіріледі. Қалай болса солай орналасқан тұрақтар бар. Осы көшедегі қиылыстардың өзі қауіпті. «Сайран» автобекетінің маңы да жолдан өтуге өте қауіпті. Осы маңайдағы жұмыстардың бәрі дұрыс ұйымдастырылмаған. Көшеге жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары кезінде бұлардың бәрін ретке келтіреміз. Соңғы рет Төле биге 2013 жылы жөндеу жұмыстары жасалған.

 СҰРАҚ:

–  «Көлсай» ықшамауданы, Қойгелді 34, 25-үйге көмек керек. 16 тамыз күні сел жүріп, менің үйімнің алдын сел басып қалды. Кешелі бері Медеу ауданынан екі адам келіп, тазалап, бүгін де келеміз деген, бірақ ешкім келмеді. Бізге кім көмек береді, соны айтсаңыздар...

 Б.САҒЫНТАЕВ:

  –  Комиссия барып, көріп, көмектеседі. Мәселеңіз шешіледі.

 СҰРАҚ:

  – Алатау ауданындағы  Сарайшық көшесінде тұрамын. Біздің жер үйлерге канализация қашан жүргізіледі? Одан кейін Көкөзек ауылына 81 автобус кіреді деп еді. Ол қай кезде кіреді? 

 Бұл сауалға жауап беру үшін Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков эфирге онлайн қосылды:

Сарайшық елдімекені «Алғабас» ықшамауданына кіреді. Шуланова, 109 мекенжайы бойынша Сарайшық көшесінде магистральды кәріз жүйесі бар. Техникалық шартты алып, 9000 теңге төлеп, қосыла аласыздар. Болмаса біз ертең сіздің мекенжайға шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Ал Көкөзек бойынша қалалық мобильділік басқармасымен бірлесе отырып жұмыстар жүргізілді. Маршрут желілерін оңтайландыру бағдарламасы бойынша жаңадан келетін автобустар санынан сол жаққа жаңа маршрут шығарамыз деген жоспар бар.

 Б.САҒЫНТАЕВ:

  –   Кеше  кеңес өткіздік. Қоғамдық көлікке қатысты сұраныс та, талап-тілек те көп. Мұның  бәрі ертең автобустың жетіспеушілігіне алып келеді. Бұл салады жүйесіздік орын алмас үшін  бұдан былай сұраныстардың  бәрін бір жүйеге келтіру жұмыстары жүргізілуде.

 СҰРАҚ:

   –  Мені Гоголь  көшесі мен Жібек жолы даңғылы аралығындағы жағдай алаңдатады. Жаңбыр жауған кезде біздің жерасты жолын су басып қалады. Соңғы рет мен Алмалы ауданы әкімдігіне хабарласқанмын. Әлгі жердің ластығы сонша, соңғы кездері егеуқұйрықтар пайда болыпты. Коронавирусқа қоса енді егеуқұйрықтар жетпей тұр еді. Көшеге санитарлық өңдеу жасалуы керек.

 Б.САҒЫНТАЕВ:

  –  Жібек жолы даңғылында қауіпті бұрылыс бар, сол жерді су басып қалғаны белгілі. Ал егеуқұйрықтар жайлы ақпарат бұған дейін болмаған. Сіз айтқан мекенжайға жауапты орган мамандары бүгін барып, тексеріп, ертең тазалық, санитарлық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

 ТҮЙІН.

«Akimat LIVE»  бағдарламасының кезекті шығарылымын қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды толғандырған сұрақтардың барлығы  жауапсыз қалмайтынын қадап айтты. Тұрғындар талап-тілегі әкімдіктің басты назарында болады және жүйелі түрде оң шешімін табатын болады.  Сонымен қатар, шаһар басшысы коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу үшін қала тұрғындарын адам аяғы көп жиналатын қоғамдық орындарға, жиын-тойларға бармауға, қазіргі эпидахуалға байланысты көпшілікті сақтық шараларына барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды. Індетті ауыздықтау – өз қолымызда. Белсенді екпе алудан басқа жол жоқ. Екпе алу – індетке тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы.

 «Akimat LIVE»-та  кезекшілік еткендер:  Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ, Әсел ДАҒЖАН, Динара МҰРАТ.