Тәуелсіздік – қастерлі ұғым

Тәуелсіздік – қастерлі ұғым
Сурет: Іnform.kz

Тәуелсіздіктің маңызы айрықша

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Талай асуды бағындырып келеміз. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың тілімен баяндағанда, «Жантебіреніс: Азаттық таңы атты! Тілекке құдай жеткізді! Күні кеше құл едік - енді бүгін теңелдік!» дейтін пайымға саяды. Қасиетті мереке қарсаңында дәстүрлі әңгіме жүргізуді жөн санадық. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Нұрдәулет Ақышты әңгімеге тартқан едік.

– Егемендік терминін қарапайым тілмен қалайша суреттеген болар едіңіз?

– Егемендік деген сөзді нақтылап, мағынасын айқындай түсу керек деп ойлаймын. Өйткені, кейбір орысша-қазақша сөздіктерде «егемендікті» «суверенитет» ретінде аударған. Дәлірек, «суверенитет» сөзін «егемендік» деп тәржімалаған. Сонда, суверенитет дегенміз не? Ескі кеңес дәуіріндегі түсіндірме сөздіктерде "белгілі дәрежеде бостандық алу" дегенді білдіреді. Бірақ, бұл абсолютті бостандық емес. Бұған мысал ретінде кезіндегі Тынық мұхиттағы аралдардың отаршыл империялардан алған тәуелсіздігін сипаттап жазып көрсеткен болатын. Сондай-ақ, арысы Латын Америкасы, Атлант мұхитындағы жекелеген арал мемлекеттердің отар елдерден азаттық алуындағы дербестіктің алғашқы басқышы ретінде көрсетілген еді. Сондықтан да, «суверенитет» отарланған елдің біржолата тәуелсіздік алғанын білдірмеуі мүмкін. «Егемендік» терминінің орнына «тәуелсіздік» деп, ештеңеден қаймықпай, сескенбей, анықтама беру керек. Сонымен бірге, терминді суреттемесе керек, түсіндіреді. Соны ескерсек деген ойды айтқым келеді.

– Тәуелсіздікті тұғырлы етуде бала тәрбиесінің маңызы қандай?

– Әрине, Тәуелсіздікті тұғырлы етуде бала тәрбиесінің маңызы өте жоғары болмақ. Себебі, естері кіріп, тілдері шыға бастағаннан бастап, Қазақ елінің тәуелсіз бейбіт мемлекет екенін, баланың елдің қорғаушысы, патриоты екенін айта беруіміз тиіс. Тек айтып қоймай, қазіргі құралдар, креативті технологиялар арқылы саналарына, ойларына, бойларына сіңіре беруіміз міндет. Негізінен адам баласы туғанда, тәуелсіз болып туады ғой. Сол сияқты, ел немесе белгілі бір халық та тәуелсіз болып жаратылған. Оны тәуелділікке ұстаған белгілі бір империялық пиғылдағы отаршыл мемлекеттер. Біз солардан азаттық алып жатырмыз дегенді үнемі қайталап отырғанымыз жөн деп санаймын және оны түрлі формада көрсетуіміз қажет.

Қазақ елінің болашағын қалай көресіз?

– Егер, әлгінде келтіргеніміздей, патриоттарымыз мықты болса, онда жарқын болмақ. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында да бірнеше жерінде атап көрсетіледі. Басқаның қаңсығы бізге таңсық болмауы тиіс. Сонымен бірге, кез келген қадам ұлттық негізге табан тіреуі керек деген сыңайдағы ойлар айтылады. Сондықтан да, біздің болашағымыз, осы айтылғандарды іске асырсақ, жарқын болары сөзсіз. Ал енді қазақ халқының ұлттық  мінезін, ұлттық қажетті атрибуттарын әсіретіп алуға әсте болмайды. Жұмылған жұдырықтай, бір кісідей болуымыз шарт деп ойлаймын.

Сұқбатыңызға рақмет!