Тәуелсіз мемлекеттің тілі  – қазақ тілі

Тәуелсіз мемлекеттің тілі  – қазақ тілі
yandex.kz

Қызмет көрсететін  мамандар  мемлекеттік тілді білуге міндетті!

«Аузы күйген үрлеп ішеді» дейді ғой. Біздің мақсат – ана тілін білмейтіндерді қудалау, кемсіту емес. Бірақ ішің күйетін жағдайлар жетерлік. Қазақстан азаматтарының қай тілде сөйлеуі өз еркінде десек те, қызмет көрсету саласы мамандарының мемлекеттік тілді білуін неге талап етпейміз осы?

Қазақшаға келгенде шықпайды үні... Неге?

Жақында Нұр-Сұлтан қаласына ұшақпен ұштым. Әдеттегідей барлық тіркеу жұмыстарынан кейін өз орныма жайғастым. Бәріне белгілі, ұшақ жерден көтерілер сәттен бортсеріктер барлық қауіпсіздік шараларын түсіндіреді, ұғынықты болу үшін көрсетіп те береді. Ең басты мәселе, өркениеттіліктің белгісі әрі біздің көп ұлтты ел екенімізді ескеріп, хабарламаларын үш тілде жеткізеді. Сонда таңқалатының – орыс тілінде мүдірмей сөйлейтін бортсеріктер қазақшаға келгенде тілі бұралып, екі сөздің басын қоса алмай қалады. Әдетте, халықаралық рейстермен жұмыс істейтін ірі авиакомпания қызметкерлерін жұмысқа қабылдауда талап қатаң деп жататын еді. Бірақ шындап келгенде, қай бағытта, қашан ұшсаңыз да, осы мәселемен жиі ұшырасасыз.

Бортсеріктерге де қойылар талапты күшейту керек

Осы жайлы әлеуметтік желілерге жазғанымда, біраз оқырмандар наразылық білдіріп, қазақшаға шорқақ жандарға түсіністікпен қарауды өтінген. Дегенмен, менің талабым қарапайым азаматтарға емес, халықаралық қызмет көрсету нысандарына екенін түсіндіріп әлек болдым. Айтылған шағымым «ұлтшылдық» көрінісі ретінде қабылданбай, сөзімнің төркіні түсінікті болуы үшін алдымен Қазақстанда танымал бір авиакомпанияның сайтында жарияланған тілге қатысты бортсеріктерге қойылатын басты талаптарға назар аударсақ:  

  • Қазақ тілін білу;
  • Ағылшынша еркін сөйлеу;
  • Қытай және түрік тілдерін білу құпталады...

Заң жүзінде қарар болсақ, Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ата Заңға сүйеніп жазылған "Тiл туралы" заңның 4-бабында:

«Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп берілген. Яғни кез келген қоғамдық қатынаста қолданылуға тиіс тіл.

Осы заңның 2-тарауы, 8-бабында: «Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып танылса, ал мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады» делінген.

Жоғарыда келтірілген тілге қатысты «бортсеріктерге қойылатын басты талаптарда»:  «Қазақ тілін білу және қазақ тілінде еркін сөйлеу»  деп көрсету қажет. Ана тіліміздің Заң тұрғысынан болсын, қызмет көрсету нысандарының өздері қойып отырған талаптары жағынан болсын мәртебесі жоғары  екенін ескерсек, неге әлі күнге дейін қазақ тілінде сапалы қызмет көрсетуді талап ете алмай жүрміз?

Көбісі қазақ тілін біле бермейтінін ескерсек және сол үшін  заңдық тұрғыда қорлауға, кемсітуге болмайды деп қорғасақ, орыс тілін білмейтін қазақтардың қоғамда құқығы тапталып жатқанына неліктен бейжай қараймыз? Бортсеріктердің бізге берер ақпаратын толыққанды түсіну апатты жағдайда адам өмірін сақтап қалуы әбден мүмкін. Ал мұрнының астынан сөйлеген хабарламаны қазақша түсінудің өзі қиын, орысша немесе ағылшынша айтқанын күтіп отырасың. Айтайын дегенім, осы салада ең болмағанда, жолаушылар қауіпсіздігі үшін бортсеріктердің тілдік қабілеттілігі арта түссе. Мемлекеттік тілде сөйлей алмай тұрған серіктерден бірнәрсе сұрағанда не тәйір?! Бұл бір ғана әуе тасымалының ғана тән әңгіме емес, еліміздегі барлық компанияларға дерлік  бірдей қатысы бар  мәселе.