Тұңғыш Президенттің ерен еңбегі

Тұңғыш Президенттің ерен еңбегі
Egemen Qazaqstan

Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елі­міздегі парламентаризмді дамыту мен тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастырудағы және Отаны­мыздың халықаралық деңгейде биік беделге ие болуын­дағы рөлі ерекше.

Парламентаризм биліктегі халық­тың барлық тобының өкіл­ді­гін қамтамасыз ете отырып, демо­кра­тия­ның негізгі элементі ретінде мем­лекеттік тұрақтылыққа және аза­мат­тық қоғамның дамуындағы сабақ­тастыққа ықпал жасауы тиіс. Бұл еліміздің демократиялық дамуындағы маңызды институт болып саналады. Бүгінгі таңда азаматтық қоғам мен әлемдік өркениеттің дамуы пар­ла­ментаризмнің заманауи тенденция­ларымен анықталады. Сондықтан қазақ­стандық парламентаризмді дамыту мәселелері мен тетіктері өзекті. Қазақ­стандық парламентаризм инс­ти­тутының қалып­тасу кезеңі қателіктер мен қиын­дықтардан, түзетулер мен табысты алға ұмтылулардан тұратын күрделі жолдардан өтті.

Тарихқа көз жүгіртейік. 1990 жылы наурызда он екінші шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы болды. Бұл сайлау толыққанды саяси партияларсыз өткізілсе де, тота­литар­лық жүйенің өзгеру үдерісіне қайтарым­сыздық сипат берді. Он екінші шақыры­лымдағы Жоғарғы Кеңес Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасу тарихында ерекше рөл ат­қарды. Бұл 90-жылдардағы бір­қатар маңызды құқықтық актіні қабыл­дау мен мемлекеттік саясатты заңна­ма­лық тұрғыдан қамтамасыз ету жетістік­терімен айшықталды.

1990 жылдың 24 сәуірінде «Қазақ КСР Президенті лауазымын белгілеу және Қазақ КСР Конституциясына (Не­гіз­гі заңына) өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» Қазақ КСР заңы­мен Қазақ КСР Президенті лауазымы бекі­ті­ліп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз­дің бірінші Президенті болып сайланды.

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жо­­ғар­­ғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің мем­­ле­кет­­­тік егемендігі туралы» дек­ла­ра­ция қабыл­дады.

1991 жылғы тамыз және желтоқ­сан оқиға­лары – Мәскеудегі сәтсіз «бүлік» пен Беловеж келісімдері – КСРО тарихының соңғы нүктесін қойды, ал 1991 жылдың 16 желтоқ­санында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының Мем­­лекеттік тәуелсіздігін жариялады. Рес­­пуб­ликадағы осы бір тарихи сәттен бас­­тап ұлттық тәуелсіздікті, азаматтық құ­қық­­тар мен бостандықтардың нақты кепіл­­дік­терін қамтамасыз етудің, демо­кра­­тия­лық қоғам мен құқықтық мемлекет құру­дың сапалық жаңа кезеңіне өту басталды.

1993 жылғы Конституция қазақстан­дық қоғамның дамуына оң динамика беріп, бірпартиялық саяси басқарудан, монополиялық экономикалық жүйеден және тарихи зорлық-зомбылық идеологиясынан бас тартуды бекітті. Сонымен қатар 1993 жылғы Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясы Жо­ғарғы Кеңеске өте ауқымды өкі­лет­тіктер берді. Бұл билікті бөлу ұс­танымдарын жүзеге асыруды, тежеу мен теңгермелік жүйесін құруды қиындатты. Реформаларды одан әрі жүзеге асыру жедел өзгеретін оқи­ға­ларға шұғыл жауап бере алмайтын әрі тиімді шешімдер қабылдай алмайтын республикалық органдардың, ең алдымен өкілетті биліктің тиімсіздігі анықталды. Тежеу мен теңгермеліктің жұмыс істемейтін тетіктері Жоғарғы Кеңеске Үкіметтің қызметіне араласуға не­месе оны ауыстыруға мүмкіндік беріп, нәти­жесінде республиканың өкілді ор­ганы­ның қызметін мерзімінен бұрын тоқ­татуға және өзін-өзі таратуға әкеп соқты.

1994-1995 жылдар қазақстандық пар­ламентаризмнің қалыптасу тарихында өте маңызды кезең екенін атап өткен жөн. 1994 жылдың сәуірінен 1995 жыл­дың наурызына дейін жұмыс істе­ген он үшінші шақырылымдағы Жоғар­ғы Кеңес депутаттары тұрақты қызмет атқарған Қазақстанның алғаш­қы кәсіби Парламенті болды.

1995 жылы 30 тамызда өткен рефе­рен­­­дум нәтижесінде Парламент – заң шы­­ғару қызметін жүзеге асыратын рес­­пуб­ликаның жоғары өкілді органы деген ережені бекіткен Қазақ­стан Рес­пуб­ли­касының жаңа Конс­титуциясы қабыл­данды.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан – Сенат және Мәжілістен тұрады. 1995 жыл­ғы Конс­титуция Қазақстанды прези­дент­тік рес­публика деп жариялады. Ал «Қазақстан Республикасының Пар­ламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі туралы», «Сот жү­йесі және судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заң­дар биліктің әр тармағының мәртебесі мен функцияларын реттеді.

Бұдан соң ел Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев «Қазақстан Респуб­ли­ка­­сындағы сайлау туралы» Конс­титу­ция­лық заң мәртебесіне ие Жар­лыққа қол қойып, осыған сай екі палаталы Пар­ламентке депутаттарды сайлау үдерісі 1995 жылдың соңында өтті. Ол еліміздің эко­номикалық, әлеумет­тік және саяси мәселелерін шешу­ді заңнамалық дең­гейде қамтамасыз еткен алғашқы кәсі­би қос палаталы Парламент ретінде Қазақ­стан тарихына енді.

Отыз жылдық әлеуметтік-эконо­ми­­калық және саяси реформа­лардың бас­тауында тұрған басты тұлға – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бол­ғаны ақиқат.

Мемлекеттік басқару тиімділігі­нің маңыз­ды құрамдас бір бөлігі көш­бас­шы рөлі екендігі белгілі. Тұң­ғыш Президентіміз мемлекеттің қайта құ­рылуын қамтамасыз ете отырып, елі­міз­дің барлық қоғамдық-саяси өмі­рін бірнеше жылға алға оздыра анық­таған көшбасшыға айналды. Тәуел­сіздік жылдарындағы Қазақстан Республи­касындағы негізгі стратегиялық шешім­дер, оның ішінде қазақстандық пар­ламентаризмнің қалыптасуы көш­бас­шының баста­ма­шылығымен жүзеге асырылғанын атап өту маңызды.

Бүгінгі таңда ел Парламенті – жо­ғары сапалы заң шығарушы орган. Пар­ламентіміз әлемнің 60-тан астам елінің парламентімен байланыс ор­натып, оны нәтижелі дамытуда. Қазақ­стан Парламентінің мүшелері 40 бел­сенді халықаралық және ай­мақтық парла­мент­тік ұйымдардың көпшілігімен белсенді ынтымақтастық байланыста.

Алайда парламентаризм тарихы­ның бастауында, шын мәнінде, «күйзелісті тежеу» керек болды. Бір жағынан, елдегі экономикалық тоқырауды, өндірістік құлдырауды, қаржы жүйесінің ең ауыр дағдарысын, гиперинфляцияны, өмір сүру деңгейінің өте төмендігін және халықтың кедейленуін еңсеру қатал күн тәртібіне қойылды. Бұл тұста эконо­микалық реформалардың құ­қықтық негіз­дерін қалыптастыруды жеделдету мін­деттері басты орынға шықты. Осыған орай, Елбасы бастамаларды жүзеге асыру пәрменділігін жиі-жиі өз қолына алуға мәжбүр болды.

Екінші жағынан, біз бастапқыда пар­ламентаризмнің әлемдік бай тәжі­рибесіне сүйене отырып, биліктің заң шығарушы тармағын құра алма­дық. Социалистік Кеңестердің ұстанымдары мен рухынан біртіндеп арылу үшін, әрине, уақыт қажет болды. Тұңғыш Президент елдің кәсіби де беделді Парламентін 5 жылға жетер-жетпес мер­зімде қалыптастырып үлгерді. Осы уақыт аралығында Елбасы Консти­ту­циялық заң күшіне ие ондаған Жарлық шығарды.

2007 және 2017 жылдар аралығында саяси жүйені жаңғырту қадамдары жасалды. Парламенттің мемлекеттік инс­титут ретіндегі рөлі үлкен өзгерістерге ұшы­рады. Конституциялық реформалар рес­п­убликамыздың моделін президент­тік­тен президенттік-парламенттікке қарай өзгертумен жалғастырды. Бұл қай­та құрулардың мақсаты саяси тұрақ­тылықтың жоғары деңгейіне қол жеткізу еді. Осы жылдардағы конституциялық өзгерістер Парламенттің мемлекеттік билік құрылымындағы саяси салмағы мен беделін белгілі дәрежеде арттырды.

Сонымен бірге Елбасы биліктің басқа тармақтарын нығайту барысында да өзінің жігерлі бастама­ларын тоқтатқан емес. Оның басты мақ­саты биліктің үш тармағының тепе-тең­дігін қамтамасыз ету және функ­ция­ларды нақтылау болды. Атап айт­қанда, соңғы бастамаларының бірі – сала­лық министрлік басшылары лауазымына үміт­керлерді келісу, Үкіметтің іс-әре­кеті­не бақылау жасау секілді Президент өкі­леттігінің бір бөлігін Парламентке беруі.

Парламентаризм туралы заңнамаға енгізілген түзетулердің маңыздылығы сонда, осыған сәйкес оппозициялық пар­тияларға Мәжілісте сөз сөйлеу, жи­на­лыстардың күн тәртібіне ұсыныс­тар енгізу және сан жағынан басымдыққа ие партияның бастамаларына балама заң жобаларын ұсыну құқығы берілді. Осылайша, қазақстандық парламен­таризмнің негізін қалаушы – Елбасы екендігіне кәміл сенеміз.

Елбасы елді күрделі күйзелістен алып шығып, көркейген және әлемдік қо­­ғам­­­дастық құрметтейтін биік деңгейге жет­­­кізді, биліктің шынайы қайнар көзі ре­тін­де өз құқықтарын жүзеге асырып, өз ер­­­кін­­дігін демократиялық Парламент ар­­қы­лы жариялай алатын халықты біріктірді.

Қазақстандық парламентаризм инс­титутын қалыптастыру жұмысы үнемі жалғаса береді, өйткені бұл – тұрақ­ты үдеріс. Қазіргі қазақстандық пар­ла­­мен­таризмнің жүріп өткен жолы өр­кениетті елдердің прогресті талаптарына сай ұста­ныммен сипатталатынын атап өтуге бола­ды. Сонымен қатар одан тарихи сәт­тердің, қоғамдық және мемлекеттік бол­мыс­тың, ұлттық дәстүрлердің, құқықтық мә­дениеттің ерекшеліктерін көруге болады.

Елбасы бір сөзінде: «Парламент Үкіметті құруда шешуші рөл атқаруы тиіс. Бәріміз бірге заңдар мен бағдарламалар қабылдап, халық алдында жауап беруге тура келеді», деген болатын.

2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақ­станда жетінші шақырылымдағы Пар­ламент Мәжілісі мен мәслихаттар депу­тат­тарының сайлауы болды. Мәсли­хат депутаттарын сайлау жаңа пропорцио­налды сайлау жүйесі бойынша өтті. Сайлауға бірнеше партия қатысты.

Парламенттің бірінші сессиясы­ның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «өткен сайлау еліміздің дамуындағы жаңа парақтарды ашқандығын» атап өтті. Шын мәнінде, бұл жолғы сайлау қазақстандық парламентаризм дамуындағы жаңа кезең басталғандығын білдіреді. Осынау сая­си оқиға біздің мемлекеттігіміз бен қазақ­стандық қоғамның тұтастығының мыз­ғымас беріктігін көрсетті.

Бір жағынан, бұл – Президент қолға алған саяси және әлеуметтік-эконо­ми­калық реформаларды халықтық қол­даудың айғағы. Екінші жағынан, бұл – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев алға қойған елдегі демократияны нығайту міндетін шешудегі кезекті маңызды қадам. Бұл – жаңа Қазақстан құрылысының іргетасын берік етіп қалаған мемлекеттік саясаттың сабақтастығының сақталуы.

Өз басым Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» ұстанымы Қазақстанда толықтай жүзеге асырылатынына сенімдімін.

Тұтастай алғанда, Елбасының мемле­кетті дамыту, қалыптастыру, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанды құрудан бастап, оның экономикасы мен сыртқы, ішкі по­зицияларын нығайтуын қолайлы да тұ­рақты әлеуметтік-экономикалық саясат­ты қалыптастыру арқылы жаңа кезең­ге жалғастырудағы рөлі баға жетпес құн­дылық деп есептеймін. Еліміздегі мем­лекеттік басқару тиімділігінің ма­ңызды құрамдас бөлігінің бірі – Елбасының ерен еңбегі екендігі даусыз.

Елбасы саясатындағы маңызды орынды этносаралық қатынастар мәселесі ие­ленеді. Қазақстан – көпэтносты мем­лекет. Этностық, мәдени және діни әртүр­лілікке қарамастан, біз елдегі бей­біт­шілік пен саяси тұрақтылықты сақта­дық. Қазақстан көптеген этнос өкілдері мен 17 конфессияның туған үйіне айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің көпэтнос­тылығын республиканың игілігі мен жетістігіне айналдыра білді. Ол өзінің Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында әрдайым қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті сақ­тауға шақырды. Елбасы өзінің икемді саясатының арқасында республика өт­пелі кезеңнің қиыншылықтарын жеңіп, этнос­аралық негіздегі ықтимал қақты­ғыс­­тардың алдын алды.

Республика азаматтарының ұлтына, тіліне, діндік қатынасына, қандай әлеу­меттік топқа жататынына қарамастан, құ­қықтары мен бостандықтарының тең­дігін қамтамасыз етуді мақсат тұт­қан, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы жанындағы кон­сультативтік-кеңесші орган болып саналатын, бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің 9 депутаты Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады.

Халықаралық қатынастарда Елбасы Қарабақ жанжалын шешуге тікелей қатысты, оның Ресей мен Түркия ара­сын­дағы, Қырғыз Республикасын­дағы түйткілді мәселелердің шешімін табу­дағы ықпалды қызметі де ерекше. Ал Сириядағы қақтығысты реттеудегі қа­жыр­лы еңбегінің жөні бөлек. Елбасы жақын көрші мемлекеттермен жоғары деңгейде, тиімділігі ортақ қарым-қатынас орната білді. Қиын геосаяси жағдайда Қазақстан Қытаймен де, Ресеймен де ор­тақ тіл табысты. Бүгінгі таңда дана­лық­пен жүргізілген сыртқы саясат өз жемісін беруде. Аз ғана уақыт ішінде Қазақстан тарихи тұрғыда әлемге танымал болды.

Экономикалық салада Елбасының күш-жігерінің арқасында Қазақстан ТМД-да бірінші болып жекеменшікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық ұстанымдарына негізделген нарықтық экономиканың заманауи моделін қалып­тастырды. Бұл модель шетелдік инвес­тицияларды тартудағы мемлекеттің белсенді рөліне негізделген. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметтің негізгі шарттары мен заманауи салық жүйесі қалыптасты. Басқа да айтулы жетістіктер қатарынан ерекшелеуге болатындары:

- егемен Қазақстанның мемлекеттік шекаралары анықталды;

- нарықтық экономиканың тетіктері қалыптасты;

- тұрақты экономикалық өсу қам­тамасыз етілді;

- жаңа астана салынды;

- шетелдердегі қандастарымыз ата­жұртына оралды.

Еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруін қамтамасыз еткен «Қазақстан-2030» стратегиясы мерзімінен бұрын іске асырылды. Еліміз өзінің өміршеңдігін дәлелдей отырып, әлемдік екі экономикалық дағдарыстан сәтті шықты. Қазір ол бүкіл әлемді шар­лаған COVID-19 пандемиясымен нәти­желі күресуде.

Әлемдегі ең танымал әрі беделді саясаткерлердің бірі Маргарет Тэтчердің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы: «Бүгінгі таңда әлем бес-алты ықпалды саясаткерді біледі, олардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаев та бар», - дегені жадымызда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – дүние жүзіндегі өркениетті елдердің, Шығыс пен Батыстың, ислам мен хрис­тиан дін­дерінің, өзге де конфессиялардың ара­сында сындарлы диалог орнатуға ықпал ететін және барша қазақстандық мақ­таныш пен өнеге тұтатын Көшбасшы.