Түркиядағы грек-рим турнирінен қазақстандық спортшылар олжалы оралды

Түркиядағы грек-рим турнирінен қазақстандық спортшылар олжалы оралды
Сурет: Olympic.kz

Алтынды Ернұр Фидахметов жеңіп алды.

Түркияда грек-рим күресінен рейтингтік турнир аяқталып, қазақстандық балуандар 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Одан бөлек, алты спортшы бесінші орын иеленді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Olympic.kz cілтеме жасап. 

 Бас бапкер Серік Жұмашевтің айтуынша, балуандар өз деңгейінде өнер көрсеткен.

«Турнирге 15 мемлекеттің балуандары қатысты. Қазақстан командасы жалпы есепте 28 спортшыны жарысқа қосқан болатын. Оның ішінде бесеуі жүлдеге ілікті. Бір алтын, бір күміс, үш қола медаль бар. Одан бөлек, қола жүлдеге таласқан алты спортшымыз жеңіліп қалды. Жалпы алғанда, бұл - биылғы маусымның беташар жарысы. Қай балуанның дайындығы қай деңгейде екенін бақыладық. Енді алдағы бәсекелерге дайындаламыз», - деді Жұмашев. 

Айта кетелік, Түркия жеріндегі жалғыз алтынды Ернұр Фидахметов жеңіп алған болатын.