TURKTIME түркі елдерін жаңа белестерге көтереді – Дархан Қыдырәлі

TURKTIME түркі елдерін жаңа белестерге көтереді – Дархан Қыдырәлі
Сурет: Kazinform

Биыл Қазақстан мен түркі әлемі арасындағы байланыстың, ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілген жылы болды. Мұндай пікірді Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі білдірді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz

«Қазақстан түркі әлеміндегі көптеген ұйымның құрылуына бастамашы болғаны белгілі. Сондықтан да Қазақ елі түркі әлемінің қара шаңырағы ретінде бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда, 2023 жыл Қазақстан мен түркі әлемі арасындағы байланыстың, ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілген жылы болды десек, артық айтқандық емес. Біріншіден, түркі мемлекеттерімен екіжақты ынтымақтастық артты. Қазақстанға бауырлас елдердің, оның ішінде Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Мажарстан президенттері келді. Бірқатар құнды құжаттарға қол қойылды, ұлы тұлғалардың мерейтойларын бірлесіп атап өттік», — деді Дархан Қыдырәлі.

тюрктайм
Фото: akorda.kz

Сонымен қатар сенатор Қазақстанның бастамасымен құрылған Орталық Азия мемлекеттерінің консультативтік кеңесі жаңа деңгейге көтерілгеніне айрықша назар аудартып өтті.

«Геосаяси ахуал тұрақсыз кезеңде Орталық Азияның маңызы арта түскені жасырын емес. Бұл ретте еліміздің бастамасымен құрылған 5+1 форматы әлемде ықпалды құрылымға айналып келеді. Мәселен, Жапонияның, Қытайдың, Ресейдің, Францияның, Германияның, АҚШ-тың басшылары 5+1 форматында Орталық Азия елдері басшыларымен кездесті. Мұның өзі осы 5+1 форматының өте тиімді екенін көрсетті. Қазіргі уақытта Орталық Азияның 5 мемлекетіне Әзербайжан қосылды. Өйткені, Орталық Азия мемлекеттерінің транзиттік әлеуетін арттыруда Әзербайжан арқылы Еуропаға жол ашатын Транскаспий дәлізінің маңызы зор. Сондықтан жоғарыда аталған мемлекеттердің басшылары Орталық Азия елдерінің тұрақтылығына, транзиттік әлеуетін арттыруға айрықша ықылас танытып отыр», — деді ол.

Дархан Қуандықұлы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кеңесі аясында өңірдегі ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп, ең бастысы — Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ықпалдастық артты деп санайды.

«Биыл Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-саммиті ұйымдастырылды. Қазақстанның төрағалығымен өткен халықаралық іс-шара барысында Президентіміз салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық беретін „Түркі дәуірі“, яғни „TURKTIME“ басталғанын атап өтті. Дәл осы жәйт Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы саммитіне қандай дайындықпен келгенін көрсетеді. Шын мәнінде, осы саммит арқылы түркі дәуірі басталды деп айтуға болады. Ал ондағы басым бағыттар Қазақстанның төрағалығымен жүзеге асырыла бастады. Мәселен, келесі жылы Астанада түркі әлемінің көшпенділер ойыны өтеді. Сол сияқты түркі әлемі жастары арасындағы ықпалдастық артты. Мәселен, Сенат төрағасы Мәулен Сағатханұлының бастамасымен таяуда Қырғызстанға барған сапарында қырғыз-қазақ жастарының форумы өтті. Әртүрлі платформаларда да жастарымыз араласа бастады. Түркі әлемінде волонтерлердің ықпалдастығы артты. Университеттеріміздің арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келеді», — деді сенатор.

Бағдат Әміреев
Фото: Б. Әміреевтің Facebook парақшасынан

Осы орайда ол Қазақстанның 2 азаматы, атап айтқанда Бағдат Әміреев Түркі инвестициялық қорына, ал Ақтоты Райымқұлова Бакуде орналасқан Түркі мәдениеті және мирасы қорына басшылыққа барғанын да атап өтті.

Ақтоты
Фото: qazaqconcert.kz

«Түркі ынтымақтастық ұйымынан бөлек, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы да Қазақстанның бастамасымен бірқатар іс-шара өткізіп жатыр. Мәселен, күні кеше ғана Ташкент төрінде ТҮРКСОЙ-дың бастамасымен Түркі дүниесі кинематографистерінің одағы құрылды. Одақ түркі әлемінің кино өнерін жаңғырту, бірлескен киножобалар жасау, жаңа фильмдерді бірлесіп түсіру, үздік фильмдерді халықаралық аренаға шығару, түркітілдес мемлекеттердің фильмдері үшін кинопрокаттың бірыңғай жүйесін жасау үшін құрылып отыр. Осылардың бәрі түптеп келгенде, Қазақстанның тамырлас, тағдырлас, тарихи, танымы бір түркі әлеміндегі жетекші рөлінің жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді және ол Қазақстанның төрағалығы кезінде жалғаса түседі деп үміттенеміз», — деді Дархан Қыдырәлі.

Сенатор «Түркі дәуірі» брендін дәріптеу бағытында қандай жұмыстар атқарылуы қажеттігіне назар аудартты. Ол үшін интернет платформалар мен трендтерді пайдалану, ортақ сериалдар түсіру, ортақ мультфильмдер жасау, ақпараттық кеңістікті үйлестіру, түркі әлеміне ортақ кейіпкерлерді насихаттау қажеттілігіне тоқталды.

«Президентіміз Қырғызстанда өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кеңесінде ақпарат агенттіктері арасындағы үйлестіру жұмыстарын күшейту қажеттілігін айтқан болатын. Kazinform бұл жұмысты ойдағыдай атқарды деп ойлаймын әрі Орталық Азия елдерінің арасында ақпарат алмасу жеңілдеді. Ортақ сериал түсіру мәселесі де қолға алынды. Алғашқылардың бірі ретінде „Қорқыт ата“ сериалын айтуға болады. Ол Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан актерлерінің қатысуымен түсірілді. Мұнан бөлек, жаңа сериалдарға ұсыныстар түсіп жатыр. Жалпы, Қазақстанда түсірілген сериалдар Орталық Азияда, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан секілді бауырлас елдерде өте үлкен сұранысқа ие. Сол сияқты отандық мультфильмдерімізге де сұраныс жақсы. „Балапан“ телеарнасы Қырғызстанда, Өзбекстанда, Jibek Joly телеарнасы бүкіл Орталық Азияда және түркі елдерінде цифрлық негізде көрсетіледі. Осылайша ол үлкен халықаралық телеарнаға айналып отыр. Оның түркі елдерінің ортақ телеарнасына айналу мүмкіндігі де бар», — деді сенатор.

Осы орайда, Дархан Қыдырәлі Kazinform агенттігі және Jibek Joly телеарнасының түркі әлеміне, соның ішінде Орталық Азия елдеріне ортақ ақпараттық платформа бола алатындығын алға тартты.

«Өйткені, екеуі де бірнеше тілде ақпарат таратады. Сондықтан осы платформаларды түркі елдеріндегі ортақ брендтер қалыптастыру, түркі әлемінің жетістіктерін, дәстүрін насихаттау сияқты мәселерді жүзеге асыру үшін пайдалану қажет секілді. Kazinform мен Jibek Joly арнасының әлеуеті зор. Жалпы, бұл бағытта атқарылатын жұмыс әлі де көп. Интернеттің мүмкіндіктерін, жаңа трендтерді, креативті индустрияны жан-жақты пайдалану қажет», — деді ол.

Сенатор түркі әлеміне ортақ тұлғаларды насихаттау, ортақ тарихты зерделеу, оқулықтар шығару бағытында да жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті.

«Мәселен, биыл Сұлтан Бейбарыстың мерейлі белесін еліміз Мысырда, Орталық Азия елдерінде атап өтті. Низами, Науаи, Ясауи, әл-Фараби, Бейбарыс, Абай сынды ұлы тұлғалар түркі әлемін жақындастыра түседі. Сондықтан Қазақстан басымдық берген TURKTIME ұраны, оның ішіндегі 8 бағыт түркі елдерін жаңа белестерге көтереді деп ойлаймын. Мемлекет басшысының консультативтік кеңесте, жалпы барлық платформада БҰҰ қағидаттарын басшылыққа алуы, осындай күрделі кезеңде, аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда теңгерімді, тепе-теңдікті сақтауы және Орталық Азияны күн тәртібіне шығара білуі Президентіміздің дипломат қырын тағы бір мәрте анық көрсетті», — деп түйіндеді сөзін Дархан Қыдырәлі.