Төрт түлік малдың төресі

Төрт түлік малдың төресі
Суреттерді түсірген - С.Құсайынов

Алматы ипподромында биылғы ұшқыр бәйге маусымының аяқталуына орай асыл тұқымды жылқылардың көрмесі өтті.

Көрме 1200 метрлік ұшқыр бәйгемен басталды. Қазақстанда кездесетін жылқы тұқымдарының онға жуық түрі көрермен назарына ұсынылды. Әлемдегі ең кішкен­тай жылқы – понидан бастап, араб, ағыл­шын, ақалтеке, фриз, жартылай қанды, ауыр жүк артатын, т.б. асыл тұқымды жыл­қы түрлері, сондай-ақ, таза қанды қазақ жылқысы қатысты. Ғажап жаратылыс – қылқұйрықты жануардың түр-түрін көр­генде таңданысымызды жасыра алмадық.

Елімізде алғашқы жылқы көрмесі 2019 жылы өткен. Басты мақсаты – әлемдегі жылқы тұқымдары мен отандық жылқы­лардың тұқымдық ерекшеліктерін көпшілікке насихаттау.

Дүние жүзінде жылқының 250-дей түрі бар. Біздің елде 16 түрі өсіріледі. Соның ішінде тұқымы жағынан ең тазасы – араб жылқысы. Ұйымдастырушылар қала тұр­ғындарының назарын жылқы түрлерінің аражігін ажыратып, айырмашылықтары мен ерекшеліктеріне аударғысы келген. Олардың айтуынша, осы көрме арқылы көрермен елімізде ерекше жылқы тұқым­дары бар екенін біледі. Төрт түлік малдың төресі – жылқы көрмесіне арғымақтарын жетектеп, қаладағы бірнеше жылқы ша­руашылығының иелері келді. Асыл тұқым­ды жылқыларды өсіріп, баптайтын білікті мамандар да қатысты. Ауыл шаруашылы­ғы ғылымының профессорлары мен жыл­қы зерттеуші ғалымдар көрмеге қатысқан тұлпарларды жүрісі, қан тазалығы, дене бітімі мен климаттық жағдайға төзімділігі бойынша сынады. Көрме қорытындысын­да асыл тұқымды «Мэн оф пис» атты ай­ғыр абсолютті чемпион атанды.

Көрермен назарына ең алдымен мәстек­тер (пони) ұсынылды. Сүйкімді жануар, әсіресе, кішкентай балаларға ұнады. Аласа бойлы жылқы түрін әр елде әртүрлі атайды. Англияда пониға биіктігі 147 сантиметрге дейін, ал Германияда 120 сантиметрге дейінгі жылқыларды жатқызады. Ипполог­тар дүние жүзі бойынша пони тізіміне 50–150 см аралығындағы жылқыларды жатқызады. Қазақстанда понидың бірнеше түрі бар. Бірақ өте сирек кездеседі. Әлем­дегі ең танымалы – шотландық пони.

Таза қанды мініс жылқылары мен қазақ жылқысының түрлері көрсетілді. Алаңға кезек бойынша шығарылды.

Көрмеге қатысушы жылқыларға арнайы талаптар қойылды. Ең әуелі жүрісіне мән берілді. Көрермен назарына ұсынылған­дықтан, сұлу жүрісті болуы – басты талап­тардың бірі. Көз сүйсіндірер әсем мүсінді тұлғасы көрмедегі әр көрерменді тамсан­дырғаны анық. Әсіресе, шегір көзді ақалте­ке жылқыларының сұлулығы тіптен ерек­ше. Дегенмен, көкпарға арналған бойы биік қазақы тұлпарлар да көрме сәнін келтірді.

Көрме соңы жарыс маусымының аяқта­луына орай бәйгеге ұласты. Биылғы мау­сымда 12 жарыс күні өтті. Осы жарыстарға белгілі себеппен қатыса алмаған тұлпарлар үшін маусымның соңғы бәйгесі ұйымдас­тырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі жылы 15 жарыс өткізу жоспарда бар. Жеңімпаздарға берілетін сыйақы мөл­шері де өседі. Қазір Алматыдан басқа да өңірлерде ұшқыр бәйгемен айналысатын, ат баптайтын азаматтар көп. Бірақ олар жылқысын бәйгеге қосу үшін Алматыға келуге тура келеді. Келер жылы еліміздің батыс өңірінде, өзге аймақтарда бәйге, ат көрмесі ұйымдастырылмақ.

 

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Мақсат АХАЕВ, Қоғамдық ұйым төрағасы:

АТ БАПТАУДЫҢ БАРЛЫҚ ҚЫР-СЫРЫ ҚАМТЫЛДЫ

«Ат танымайтын қазақ жоқ» дейміз. Бірақ қазір қалада тұратындардың дені, тіпті ауылдан шыққан жастардың өзі жылқы тұқымдарының ерекшелік­тері мен айырмашылықтарын білмейді. Оларды бір-бірінен ажырата алмайды. Араб пен ағылшын тұқымды жылқыны былай қойғанда, өзіміздің таза қанды қазақы жылқыны білмейтіндер бар. Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – жастар, әсіресе атқұмар азаматтар мен осы кәсіпке қызығатындарға жылқы таныту. Жылқы түрлерін танымай жатып, олардың бабын білмей, бәйгеге қос­қысы келетіндер бар. Қандай тұқым екенін анықтап алмай, бәйгеге қосуға бол­майды. Себебі, бәйгеде әр аттың өзінің тұқымдық ерекшеліктеріне сай мүмкіндігі болады. Біреуі жорғалап жарысса, енді бірі қатты екпінмен шабады. Тіпті, мүл­дем бәйгеге жарамайтын, жүк артатын түрі болады. Екіншіден, бәйге атына немесе асыл тұқымды атқа жем-шөбін дұрыс бермейді. Атбегілердің көбі жыл­қының негізгі қорегі – сұлы екенін білмейді. Осындай қарапайым қағидаларды, тұқымына қарай қандай атқа қандай жем немесе шөп беру керек екенін түсінді­ру үшін жем өндірушілерді де шақырдық. Үшіншіден, көрмеде жылқыны өсіріп қана қоймай, саннан гөрі сапаға көшу мәселесі қамтылды. Қамбар ата түлігін баптауда тәжірибесі мол атбегілерді арнайы шақырдық. Сондай-ақ, тағашылар да қатысып, қазақтың ат тағалау мәдениетін насихаттады. Бәйге аттарын өсіретін атбегілердің ең жиі жіберетін қателіктерінің бірі – аяғы қисық болып туған құлындарды бәйгеге дайындамай, қоя салады. Ал тағашылар құлынның аяғын түзулеп, бәйгеге жаратады. Осындай қазақтың кенже қалған дәстүрлері жиі насихатталуы керек деп санаймын. Бәйге атын баптаудың қыр-сырын та­ныстыру үшін осы көрмені ұйымдастырдық.

Қазір бәрі бірдей тек бәйгеге шабатын ат іздемейді. Жорғалап жүретін, жәй мініске арналғанына қызығуы мүмкін. Кейбірі сұлу аттарды жақсы көреді. Олар­ға эстетикалық кейпі әсем түрікмен жылқысы – ақалтеке қызық көрінеді. Бірақ жылқының бұл түрін бәйгеге қосса, таза қанды ағылшын жылқысына жетпейді. Ағылшын жылқысының бәйгедегі жылдамдығына тіпті, араб жылқысы да бәсе­келесе алмайды. Ұшқыр бәйгедегі ең мықтысы да осы түрі. Бүгінгі көрмеге бірнеше ағылшын тұқымды жылқы әкелінді. Бірақ негізгі басымдықты қазақы тұлпарлар­ға бердік. Аударыспаққа, көкпарға арналған аттар қатысты. Ұлттық аударыспақ спортына күші бар мықты жылқылар керек. Бірақ аударыспақ үшін таза қанды қазақы жылқыларды табу қиын. Себебі, қазір қан араласып кеткен.


БІЗДІҢ АТТАР ШЕТЕЛДЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АТЫНАН  БӘЙГЕГЕ ҚАТЫСЫП ЖҮР

Биылғы маусымда фаворит тұлпарлар көп болды. Үздіктер анықталды. Олар қазір Ресейдегі бәйгеге қатысып жатыр. Былтыр Қазақстандағы ең үздік болған ат биыл Ресейдің 2 дербиін ұтып, Краснодардағы 3-дербиде екінші болып келді. Сөйтіп, ұшқыр бәйге дамыған елдердің бірі – Дубайға жолдама алды. Қазақстан­ның атынан шабатын болады. Ал биылғы маусымдағы үздіктер Ресейге жіберілді. Жақында Супер-дербиге қатысады. Жақсы шабатын аттардың потенциалын білу үшін шетелдегі бәйгелерге жібереміз. Елімізде бәйгенің алдын бермей жүрген жүйріктер шетелде бәсекелесе алмай қалуы мүмкін немесе керісінше елде өзінің мүмкіндігін көрсете алмай жүрген аттар шетелде ашылып, бас бәйгені алуы ға­жап емес. Бұл енді сондай спорт. Әлі де жақсы аттарды тәрбиелеп шығаруымыз керек. Бүгінгі ұшқыр бәйгеге Америка, Франция, Германиядан келген аттар қатыс­ты. Өз елімізде өтіп жатса да, классикалық ұшқыр бәйгелерге қазақы жылқылар қатыспайды. Бірақ бұл «бізде мықты жылқылар жоқ» деген сөз емес. Қазақтың адай жылқысы өте шыдамды. Кез келген климаттық жағдайға бейім келеді. Су, шөпсіз жерде жетілетін жануар. Тек Қостанай тұқымы жылқылары арасында бәйгелер өтіп тұрады. Әлемдік ұшқыр бәйгеге қазақтың жылқысы да қатысуы керек.

Қайрат ИСХАН, жылқы зерттеуші ғалым:  ЖЫЛҚЫ ӨНДІРІСІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Зауыттық жылқы тұқымдарының көрмесі қалада соңғы рет осыдан екі жыл бұрын өткен еді. Қазақ жылқысын көбейтіп, ат спортын дамытуға арналған шаралар жиі өтіп тұру керек. Көрмедегі әр жылқы тұқымының конституциялық, экстерерлік ерекшеліктерін ескеріп, бағаладық. Алаңда жүріп өткен кездегі қимыл- қозғалысына, дене-бітіміне мән берілді. Әр тұқымның стандарты бар. Соған сәйкес келуіне қарап, салыстырмалы түрде ұпай берілді.