«Тиіспе!» - қоғамдық көліктегі харассментке қарсы акция басталды

«Тиіспе!» - қоғамдық көліктегі харассментке қарсы акция басталды
Сурет: Astanatv.kz

Қазақстанның алты қаласында қоғамдық көлікте жыныстық азғындыққа қарсы іс-қимыл бойынша акция басталды.

Автобус салондарында қоғамдық көлікте жыныстық азғындыққа тап болғандар үшін іс-қимыл алгоритмі бар плакаттар орналастырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Тиіспе» акциясының мақсаты – бұл қоғамдық көліктегі харассментке қарсы тұру және қоғамда бұл құбылысқа жеккөрінушілікті қалыптастыру. Плакаттар Алматы, Шымкент, Атырау, Павлодар, Өскемен және Семей қалаларында 300-ден астам автобусқа жабыстырылған.

Қазақ және орыс тілдеріндегі плакаттарда қоғамдық көлікте харассментпен бетпе-бет келгендерге арналған нұсқаулық берілген. Жыныстық харассмент құрбандары постердегі QR арқылы өз оқиғасымен анонимді түрде бөлісе алады.

«Бұл акция – мәжбүрлі шара. Шымкентте № 52 маршрутта жолаушылардың бірі қыздарға қарап, өзін-өзі қанағаттандырған жағдайлар болды. Мұндай жағдайда қыздар не істерін білмей қалады. Сондықтан қоғамдық көлікте харрасмент кезінде қалай әрекет ету керегін түсіндіретін плакаттардың болғанын қалаймыз», – деді «Shymkent bus»ЖШС автопарк директорының орынбасары Әлфараби Әбдіраш.

Акцияны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі мен канадалық жергілікті бастамалар қорының (Cfli) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырды.

Орталық жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстандағы әйелдердің 21%-ы қоғамдық орындарда харассментке тап болған. Алайда, сарапшылардың айтуынша, шын мәнінде статистика бұдан да жоғары. Әртүрлі себептермен жыныстық харассмент құрбандары бұл туралы айтпай, жасырып қалады.

Ұйымның негізін қалаушы Игорь Братцев барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларды акциямен қамтуды жоспарлап отыр.

«Алғашқы бағыт – Астана мен Алматы. Бірақ Астана бас тартты. Бұл біртүрлі көрінді, өйткені мұнымен күресу әкімдікке де тиімді. Автобустар мен аялдамаларға плакаттарды өзіміз басып шығарамыз», – деді Братцев.

City Transportation Systems харассмент мәселесінің өзектілігін айтты. Егер ұйымдастырушылар постерлерді орналастыру туралы ұсыныспен жүгінсе, акция елордалық автобустарда да іске қосылады.

«Алдымен акция онлайн режимінде басталды, содан кейін офлайн режимге көшті. Қоғамдық көліктер мен аялдамаларда плакаттар орналастырылды. Бұл идея құрбандарға ғана емес, ең алдымен қаскөйлерге бағытталған. Олар бұл әрекеті үшін жазасыз қалмайтынын түсіну керек», – деп түйіндеді Игорь Братцев.