Алматыда ең үздік мәдениет және өнер, спорт қайраткерлері марапатталды

Алматыда ең үздік мәдениет және өнер, спорт қайраткерлері марапатталды

Алматыда Қазақстандағы ең ірі онлайн билет сату сервисінің 10 жылдық мерейтойы атап өтілді

Республика сарайында кино, театр, спорт және өзге де мәдени-спорттық шараларға онлайн билет сататын Ticketon.kz сервисінің туған күніне орай отандық және әлемдік сахнаны бағындырған жұлдыздардың қатысуымен  концерттік кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

  Мерекелік шара барысында Ticketon Award  премиясының жеңімпаздары, үздіктер арасындағы үздіктер марапатталды.

Аталмыш премияда онлайн сервисті пайдаланып өз қызметтерін ұсынатын әр саланың үздіктері таңдалды. Дауыс беру халық арасында ашық түрде өтті, яғни Ticketon арқылы өз үздіктерін таңдаған көрермендер жеңімпаздарды өздері анықтады.

Мерекелік кеште Ticketon Award сыйлығымен бірінші болып кино әлемінің үздіктері  марапатталды. Халық таңдауымен «Брат или брак» комедиясының басты жұлдызы – Дәурен Сергазин жылдың үздік актері атанды. Ал, өткен жылдың үздік актрисасы ретінде халық таңдауы Дариға Бадықоваға түсті. Премия табыстау кезінде «Бизнес по-казахски» және «Гуд бай мой бай-2» фильмдерінде өз шеберлігін таныта алған актрисаны халық жылы ілтипатпен қарсы алды. Үздік отандық фильм номинациясын Олжас Ибраевтың «Портье: Мальчик на побегушках» туындысы жеңіп алды.

Екінші кезекте, театр саласының үздіктері таңдалды. Жылдың үздік премьерасы атағын «Бөрте» қойылымы иеленсе, спектакльде басты рөлді ойнаған Айя Шарип театрдың үздік актрисасы атанды. Ал ерлер арасында мұндай сыйлыққа «Жас сахна» театрының актері Нұрболат Рахатов лайықты болды. Сондай-ақ, шара ұйымдастырушылары дауыс беру әділ өту үшін «Жыл қойылымы» номинациясын мемлекеттік және жекеменшік театрлар арасында бөлек өткізді. Мемлекеттік театрлар арасында аталмыш сыйлық «Бопай ханым» қойылымына берілді. Ал жекеменшік сахналар бәйгесінде  «Сеанс» спектаклі үздік болды.

Спорт саласының мықтылары да сыйлықтан құр қалған жоқ. Жылдың үздік матчы ретінде Алматылық «Қайрат» пен «Астана» клубтарының арасындағы ойын танылды. «Жыл спортшысы» атағы –  Біржан Оразовқа табысталды. Футзалдан «Қайрат» клубында өнер көрсететін спортшы марапаттау кезінде өз қуанышын жасырмады. Спорт саласының үздіктерін әйелдер арасында «Жыл спортшысы» атағын иеленген джиу-джитсудан үш дүркін әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева түйіндеді.

 «Жыл әртісі» атағы – Ticketon Award сыйлығының ең тартысты номинацияларының бірі. Аталған сыйлыққа «Ирина Қайратовна», «Ninety One», Иманбек және өзге де халық сүйіктілері үміткер еді. Дегенмен, бұл сында әлемді таңдай қақтырған әнші Димаш Құдайберген айқын басымдықпен жеңіске жетіп, «Жыл әртісі» номицаниясын иеленді.

Мерекелік шараны «Үздік инновациялық қала» және «Үздік туристік бренд» номинациялары қорытындылады. Дауыс берушілердің қалауымен бірінші сыйлыққа Алматы қаласы, ал екінші номинацияға Шымбұлақ курорты лайықты деп танылды.

Әр саланың үздіктеріне сыйлық табысталған соң, марапаттау кеші  «Ninety One», «Orda» және кештің басты жұлдыздары болған «А-STUDIO» тобы өнер көрсеткен концертке ұласты.

Айта кеткен жөн, «Almaty aqshamy» және «Вечерний Алматы» газеттері аталмыш шараға ақпараттық демеуші болды.

  • БІЗДІҢ ДӘЙЕКТЕМЕ

Ticketon.kz – кино, театр және цирк қойылымдарын, қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының концерттерін, тренингтер мен семинарларды, мұражайлар мен көркем галереяларға экскурсияларды, балалар қойылымдарын, ұлттық командалардың футбол, хоккей және баскетбол матчтарын, сондай-ақ халықаралық ауқымдағы жарыстарды қоса алғанда, мәдени және спорттық іс-шараларға билеттерді онлайн-сатудың Қазақстандағы ең ірі сервисі.

Іс-шараларды жылжыту және билеттерді тарату бойынша көп деңгейлі қызмет көрсететін Ticketon.kz іс-шараларды ұйымдастырушылар мен сатып алушылар арасындағы негізгі дәнекер болып табылады.

Ticketon.kz Қазақстанның 20-дан астам қаласындағы нысандарды қамтиды, сервиске бүкіл ел бойынша 30-дан астам кинотеатр және 40 театр қосылған.