Тесік нәски - трендте!

Тесік нәски - трендте!
Сурет: 9111.ru

Жыртық шұлық - сәнде!

Нәскиіңіздің басы тесіле беретін жемір болсаңыз, түк саспаңыз да, қысылмаңыз да. Себебі енді жыртық шұлғаумен жүру сәнге айналды десе де болады.

Тізесі жыртылған джинсы, тілім-тілім болған күртешелер мен жамау-жамау киімдер. Мұндай киімдер киіп жүрген адамдарды көріп, таң қалмайтын болдық қазір. Енді бұл тізімді жыртық шұлықпен жүру толықтырмақ.

Жыртық нәскиіңіз болса, оны қоқысқа лақтыруға асықпаңыз. Бұл мәселенің шешімін дизайнерлер тауып та қойды. Жапондық дизайнер Такаюки Фукудзава жыртығы жинақы етіп тігілген тесік нәски шығаруды қолға алған.

Ұзақ уақыт бойы нәскиі жыртыла берген дизайнерге осы мәселеден сәнді дүние жасап шығару ойы келген. Оның айтуына қарағанда, бүкіл әлемдегі сияқты Жапонияда да жыртық шұлғаумен жүру ұят болып саналады.

«Аяқ киімімді шешерде қатты ұялатынмын. Бүтін нәскилерді басындағы бір тесік үшін тастауға тура келетін. Соның нәтижесінде маған жыртығы бар шұлғау жасау деген ой келіп, біз қарапайым ғана зат жасап шығардық. Бұл бір жағынан әдемі әрі сәнді көрінеді. Оның үстіне, зиянсыз, сол себепті де біздің елде жақсы танылып үлгерді», - дейді дизайнер.

"Естімеген елде көп" демекші, алдағы уақытта дүкен сөрелерінен тесік нәски көрсеңіз, таң қалмаңыз! Себебі, жыртық нәски - сәнде.