Теңге неліктен әлсіреді?

Теңге неліктен әлсіреді?
Сурет: Tengrinews.kz

Оның себептерін ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов атады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Геосаяси жағдайдың нашарлауына байланысты қаржы және тауар нарықтарында бұрын-соңды болмаған шоктардың әсерімен дамушы елдердің валюталарымен бірге теңгенің айырбастау бағамы осы жылғы ақпанда құбылмалы болды. Бағамның негізсіз күрт ауытқулары кезінде қаржылық тұрақтылық бойынша тәуекелдерді шектеу мақсатында Ұлттық банк кей күндері валюталық интервенция жүргізді. Оның көлемі ақпанда 273,7 млн доллар болды. Бұл операциялар туралы ақпарат жедел жария етілді», - деді Ұлттық банк төрағасы Үкімет отырысында.

Оның атап өтуінше, Ұлттық қор қаражатын бюджетке трансферттер бөлу үшін конвертациялау операциялары, квазимемлекеттік сектор валютасын сату, экспорттаушылардың бюджетке салықтық төлемдері ұлттық валютаға қолдау көрсетті.

«Факторлар балансының негативті жаққа ауысуы, нарықтардағы тәуекел-сентимент теңгенің долларға шаққандағы бағамының ақпанда 495 теңгеге дейін 14,2 пайызға әлсіреуіне себеп болды. Наурызда қосымша санкцияларға, оның ішінде Ресейден мұнай өнімдерін импорттауға АҚШ-тың тыйым салуына байланысты Ресей рублінің әлсіреуі теңгеге қысымды күшейтті. Наурыздың басынан бастап 542 млн долларға интервенция жүргізілді. Биылғы жылғы 14 наурызда теңге бағамы бір доллар үшін 511,74 теңгені құрады», - деді Ғалымжан Пірматов.