Тайланд туристерден вакциналау паспортын талап ете бастады

Тайланд туристерден вакциналау паспортын талап ете бастады
сурет:tengrinews.kz

Тайланд елге кіретіндерден вакциналау паспортын қайта талап ете бастады.

2023 жылдың 9 қаңтарынан бастап Тайландқа барған жолаушылардың бәрі (18 жастан асқан) коронавирусқа қарсы кемінде екі доза вакцина алғанын растайтын паспортты көрсетуі қажет, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі «Air Astana» әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вакцинаның екінші компоненті елге кіруден кемінде 14 күн бұрын алынуы керек. Ал, жолаушылардың 5%-ы ПТР-тест тапсырады.

«Вакциналанбаған жолаушылар дәрігерден кемінде кейінгі жарты жылда (180 күн) коронавирустан жазылғанын растайтын хат немесе анықтама алуы тиіс. ДДҰ мен Тайландтың Қоғамдық денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған вакциналар тізімін сілтемеге өтіп, көруге болады.

Тайландта коронавирус жұқтырып алып, өз елінің талаптары қайтуға рұқсат бермейтін жолаушыларда коронавирустан емделу шығындарын қарастыратын медициналық сақтандыруы болуы керек. Жұмыс бойынша саяхаттаушылар, оның ішінде экипаж мүшелері бұл талапты орындау үшін қабылдаушы жақтан хат ұсына алады», - делінген әуе компания хабарламасында.

Вакциналау мен сақтандыру талабының тай паспорты барларға, сондай-ақ транзитпен саяхаттаушы жолаушыларға қатысы жоқ. Олар баратын елінің талабын сақтауы керек.