Тарихи - мәдени үдерістегі сабақтастық

Тарихи - мәдени үдерістегі сабақтастық
Сурет: Самат Құсайынов

Мұрат Әуезовтің 80 жасқа толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтті

Әуез әулетінің ғана емес, Алаштың аманатын арқалаған Мұрат Әуезов биыл сексеннің сеңгірінде. Соған орай, қара шаңырақ ҚазҰУ-дағы әл-Фараби кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті қаламгер, мәдениеттанушы ғалым, дипломат әрі филология ғылымының докторы, профессор Мұрат Мұхтарұлының 80 жасқа толуына арналған ауқымды мәдени һәм ғылыми жиын өткен болатын.

М.Әуездің мерейлі жасына арналған «Тарихи-мәдени үдерістегі сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға алыс-жуық шетелден бірталай қонақ ат арытып келіп ой бөлісті. Сол қатарда ғалымның ғылымдағы саптастары, әдебиеттегі қаламдастары, өмірдегі жора-жолдастары мен отбасындағы жанашыр жақындары да болды. Олар қадірлі қайраткерді мерейтойымен құттықтап, өздерінің жүрекжарды лебізін арнады, әрі еңбек және өмір жолына айрықша бағаларын берді.

Ауқымды іс-шараның ресми бөлімін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейт Түймебаев арнайы құттықтау сөзбен ашты. Қайраткер ғалымның өмірі мен еңбек жолына, атқарған абыройлы қызметтеріне жоғары баға берген Жансейт Қансейтұлы сөзінің соңында салтқа сай білім ордасының атынан Мұрат Мұхтарұлының иығына шапан жауып, сый-сияпатын табыстады. Алқалы топтың алдында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен жарық көрген Мұрат Мұхтарұлының түрік тіліндегі «Birliktelik» (Бірлік) кітабының тұсауы кесілді.

Бұдан кейін кезек тиген қала әкімдігінің өкілі де соған ұқсас ілтипатын білдірді. Сый-сияпаттар осыдан кейінгі барлық құттықтау сөздерімен бірге мерейтой иесінің қолына табысталды. Солардың арасында Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркайл Зайдуллин табыстаған айрықша сыйлық та болды. Мәдени-әдеби тарихымызда айрықша аталатын әйгілі «Қазан» баспасында басылған «Құран-Кәрімді» татар қаламгерлері атынан табыстаған Ркайл Зайдуллин өзінің ана тілінде, тебіреніске толы баяндамасын да жасады. «Рухи әйдәман» деп аталған баяндамасынан бауырлас ұлттардың ортақ үні, ыстық пейілі аңқып тұрды.

Құттықтау сөздің мінберінде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы, қырғыз ағайын атынан Сұлтан Раев, өзбек ағайын атынан Сафар Абдулло, Нидерланды жұртынан жеткен күйеу баласы Роберт Эрмерс қатарлы шетелдік қонақтар, Марат Сембі сынды қатарлас қаламгерлер де болды.

Түс әлетінен кейін шараның ғылыми бөлімі шымылдық ашып, «Тарихи-мәдени үдерістегі сабақтастық» тақырыбында қос сессиядан тұратын талқылау отырысы өтті. Алғашқы сессияны ғалым әкенің жолын жалғаған Әуезова Зифа-Алуа Мұратқызы бастап ашты. Онда Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Нидерланды, Түркия қатарлы елдерден жеткен және отандық зерттеушілер, шығыстанушы, мәдениеттанушы ғалымдар қатысты. Олар М.Әуезовтің ғылымдағы, әдебиет пен өнердегі және дипломатиядағы еңбектерін түрлі жағынан талдады.

Айта кетейік, Мұрат Әуезовтің мерейлі 80 жасы қаңтардан бері республикамыз көлемінде аталып өтіп келеді.