Талдықорғандағы оңалту орталығынан 1 мыңнан астам бала сауығып шықты

Талдықорғандағы оңалту орталығынан 1 мыңнан астам бала сауығып шықты
Сурет: Gov.kz

Мұндай орталықтардың жас ұрпақты сауықтырудағы рөлі зор.

Талдықорған қаласындағы балаларды оңалту орталығы жұмысын бастаған бір жарым жылдың ішінде тыныс жолдарының патологиясы бар 1 мыңнан астам баланы сауықтырды. Бұл орталықтың, әсіресе, індетпен күрес кезінде маңызы арта түсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс орталығында індет жағдайында балалардың тыныс алу жолдарын емдейтін орталық ашу қажеттігі туған. Сөйтіп, 75 орынға арналған оңалту орталығы 2020 жылдың тамыз айынан жұмыс істей бастады. Мұнда тыныс жолдарының сырқаты бар 5-18 жас аралығындағы балалар тұрғылықты жерінің емханасынан берілген тиісті жолдамамен тегін ем қабылдай алады. Оңалту орталығының қызметі балалардың  тыныс алу мүшелерін қалпына келтіру мен оңалтуға бағытталған.

Балаларды жалпы сауықтыру, ағзаның күш-қуатын және науқастың  өмір сүру сапасын жоғарылату мақсатында мұнда мен дәстүрлі әдістер мен жаңа технологиялар қатар қолданады. Атап айтқанда, дәрі-дәрмекпен қатар климатотерапия, массаж, емдік дене шынықтыру, емдік душ, еңбек терапиясы, тұзды бөлме, физиотерапия, т.б. процедуралар жасалады. Бұл процедуралар УВЧ-терапия, УФО, биоптрон, шарко себезгісі, кедр бөшкесі, гидромассаж ваннасы сияқты емдік жабдықтардың көмегімен атқарылды. Тамақтану рационы да сауықтыруға негізделген. Балалардың бос уақыттары психолог және музыка маманы түрлі ойындармен, музыкалық сабақтармен ұштастырып, ем-шараларын бекіте түседі.    

«Бізге коронавируспен, тұмаумен ауырып шыққан, бронхит, астмасы асқынған балалар жолданады. Тиісті ем-шараларын алып, оңалтудан өтеді. Ашылғалы бері мыңнан астам баланы сауықтырып шығардық. Қазіргі кезде орталықта 11 бала ем қабылдап жатыр», - дейді мекеме директоры Советхан Сәрсебаева.

Мамандар бүгінде балалардың аллергияға бейімділігі артуына байланысты тыныс жолдарының ауруы да көбейе түскенін айтады. Сондықтан мұндай орталықтардың жас ұрпақты сауықтырудағы рөлі зор.