Талай жанның өмірін тілсіз жаудан аман алып қалған

Талай жанның өмірін тілсіз жаудан аман алып қалған
gov.kz

Тәуелсіздік құрдасы: Дулат Тулеубаев

Тәуелсіздіктің құрдасы Дулат Төлеубаев 1991 жылы 4 наурызда Жезқазган қаласында дүниеге келген, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz  Ұлытау облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздің мысты шаһарында өсіп-өніп, оқуын бітіріп, 2010 жылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс Күштерінің қатарына шақырылып, әскери борышын Алматы облысы Іле ауданы Комсомол ауылында атқарды. 2012 жылы Жезқазған қаласының №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жүргізуші болып жұмысқа орналасып, 2017 жылы осы аталған бөлімінің бөлімше командирі лауазымына тағайындалған. Бүгінде осы қызметін жалғастырып жатыр. Дулат – бейбіт күннің батыры. 10 жылдан аса азаматтық қорғау органында еңбек еткен ол талай жанның өмірін тілсіз жаудан ерлікпен аман алып қалған.

«2021 жылы түнгі уақытта 101 пультіне Жезқазған қаласы тұрғын үйдің пәтер жануы туралы хабарлама келіп түседі. Өрт орнына жеткен кезде 4-ші қабатта пәтердің отқа оранғаны анықталады. Барлау кезінде 5-ші қабатта кою түтін салдарынан 2 адам өздігінен шыға алмаған екен. Өзімнің газ түтінінен қорғайтын аппаратымның маскасын шешіп, қою түтіннің арасында қалған әйел адамға кигізіп, сыртқа шығардым. Екінші адамға әріптесім Спасательный калпагын беріп құтқарды. Әр шақыруға шыққан сайын өз басымызды қатерге тігіп, адамдарды аман шығаруға тырысамыз», - дейді Дулат Төлеубаев.

Бөлімше командирінің сөзінше, бұл салаға келуіне өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеген әкесі мен ағасы арқау болды. Осылайша, бала күнінен қызығушылығы артып, әскерден келген соң өрт сөндіруші мамандығын таңдаған екен. Сондай-ақ қазіргі таңда Дулат Төлеубаев – адал жар, екі ханшайымның мейірімді әкесі.