Таиландта көз жұмған екі қазақстандықтың денесі елге жеткізіледі

Таиландта көз жұмған екі қазақстандықтың денесі елге жеткізіледі
Сурет: Gov.kz

Артур Ысқақовтың Таиландта қайтыс болғанын бұдан бұрын хабарлағанбыз.

Тағы бір қазақстандық 45 жастағы Александр Макаров Таиландта теңізге түсіп, қайта шыға алмаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, екі қазақстандықтың денесі жақын арада елге жеткізіледі.

1 маусымда Артур Ысқақов шектеу шараларына қарамай, жағажайда суға түскен.

Бейресми ақпаратқа сәйкес, ол суға батып бара жатқан қызын құтқаруға тырысқан. Бірақ өзі қатты толқынға төтеп бере алмай, суға батып кете жаздады. Оны шұғыл ауруханаға жеткізіп, жансақтау бөліміне жатқызды. Кеше кешкісін Артурдың жүрегі тоқтап қалды.

"Бұл соңғы бір аптада болған екінші жағдай, 3 маусымда тура сол жерде тағы бір қазақстандық қайтыс болды. Ол да шектеулерге қарамай, суға түскен. Оны да қатты толқын алып кетті. Қазіргі кезде консул туыстарына қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп жатыр. Жақын арада екеуінің денесі Қазақстанға жеткізіледі", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.

Артурдың ата-анасы Пхукетке ұшып барды.

3 маусымда тағы бір қазақстандық Таиландта теңізге түсіп, қайта шыға алмаған. 45 жастағы Александр Макаров суға тұншығып қалғаны белгілі болды. Құтқарушылар мен туристер оны Таланг ауруханасына жеткізген, алайда ер адамды аман алып қала алмаған.

Таиланд полициясының мәліметіне сәйкес, көбінесе, ТМД-дан келетін туристер шектеу шараларын елемей суға түседі. Соның салдарынан қайғылы жағдай азаймай отыр.