Таиландта әскери кеме апатқа ұшырап, 31 теңізші жоғалып кетті

Таиландта әскери кеме апатқа ұшырап, 31 теңізші жоғалып кетті
Сурет: Ашық дереккөз

Бортта 106 экипаж мүшесі болған

Таиланд Әскери-теңіз күштерінің кемесі дауыл кезінде апатқа ұшырап, 31 теңізші із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Теңіз күштерінің кемесі Сиам шығанағында апатқа ұшырады.

«Сухотай» корветі дүйсенбіде жергілікті уақыт бойынша сағат 00:12 (Астана уақыты бойынша жексенбі күні сағат 23:12) шамасында суға батып кетті», - деп хабарлады Таиланд корольдігі ӘТК өкілі, адмирал Поккронг Монтатпалин.

Таиланд корольдігі Әскери-теңіз күштерінің мәліметі бойынша, дауыл кезінде батып кеткен «Сухотай» корветінің бортында 106 экипаж мүшесі болған.

«Дүйсенбі күні түстен кейін олардың 75-і қауіпсіз жерге жеткізілді», - делінген Таиланд корольдігі Әскери-теңіз күштерінің мәлімдемесінде.

Мәлімдемеге сәйкес, корольдіктің Әскери-теңіз күштері оқиға орнына үш фрегат пен екі тікұшақты құтқару құралдарымен бірге жіберген. Алайда, қатты жел мен толқын құтқару жұмыстарына кедергі келтірген.