Тәжікстанда 20-ға жуық күдікті қолға түсті

Тәжікстанда 20-ға жуық күдікті қолға түсті
Сурет: Тәжікстан Республикасы президентінің баспасөз қызметі

Арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Озоди радиосының мәліметінше, олар Наурыз мейрамы тойланып жатқан Душанбе қаласында теракт жасағысы келген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

29 наурызда «Азия-Плюс» медиа тобы мен Reuters агенттігі Мәскеу облысындағы «Крокус Сити Холл» концерт орталығындағы терактіге қатысы бар деген күдікке ілінген 9 адамның ұсталғанын хабарлады. Бұл мәліметке ресми орындар түсінік беруден бас тартты.

Мәліметке қарағанда, күдіктілер – Вахдат, Рогун мен Нүрек қалаларының тұрғындары. Олардың бәрі Наурыз мерекесі алдында ұсталған. Қамалғандар арасында жасы кәмелетке толмағандар да бар.

«Теракт 24 наурызда Душанбенің халқы Наурыз мейрамын қызу тойлап жатқан кезде болуы керек еді. Күдіктілер теракт жасауға барынша дайындалан. Олар халық көп жиналатын жерді таңдап, жарылыс жасағысы келген. Бірақ Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы терактінің алдын алып, күдіктілерді ұстаған соң, Наурыз мейрамы келесі күні атап өтілген», деп хабарлады  Озоди радиосы.

Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзоданың айтуынша, былтырдан бері елде 11 ұйымдасқан қылмыстық топ пен 55 адам ұсталған. Олардың көбі теракт жасауға күдікті ретінде қолға түскен.