Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді

Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді
Сурет: Нalyq-uni.kz

Шығынды анықтау үшін арнайы комиссия құрылады.

Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаев су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға өтемақы қалай төленетінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Егер үйді су басқан болса, өтемақы төлеу туралы өтініш қаралады. Төтенше жағдайларға жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылған. Жергілікті бюджет қаражаты жеткіліксіз болса, республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Келтірілген шығынды анықтау үшін арнайы комиссия құрылады. Кейін өтемақы төленеді», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, су басу ықтималдығы жоғары өңірлерде – Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында эвакуациялау пунктері ұйымдастырылған.

Сондай-ақ брифинг барысында вице-министр "Қазгидромет" болжамына байланысты оңтүстік гарнизондардың барлық аумақтық бөлімшелері жоғары дайындық режиміне өткенін айтты.

«Суды ағызу үшін 13 мыңға жуық қап контейнері төселді. Төрт жүзден астам жеке құрам мен 71 техника жұмылдырылды. Түркістан облысына көмекке Шымкент гарнизонының күштері мен құралдары да жіберілді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды. 200-ден астам адам эвакуацияланды, оның ішінде 111 бала туыстарына орналастырылды. Қазір олар үйлеріне оралып жатыр», - деді вице-министр.

Сондай-ақ құтқарушылар азаматтарға өз аулаларын қардан, суару арықтарын қоқыс пен мұздан тазарту қажеттігін ескертті.