Студенттер науқас балалар үшін 26 литр қан тапсырды

Студенттер науқас балалар үшін 26 литр қан тапсырды
Almaty-akshamy.kz

С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің студенттері Халықаралық студенттер күні мен университеттің Студенттік үкімет ұйымының он бес жылдығына орай, Донорлар күнін өткізді. Болашақ дәрігерлер шын жүректерінен шыққан бұл қайырымдылық шарасын науқас балалардың өмірін құтқаруға арнады.

 Болашақ дәрігерлердің донор болуға деген ықыластарын Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Қалалық Қан орталығының ұжымы қуана құптады. Қан тапсыруға университеттің сексен студенті өтініш білдірсе, донор болудың басты талаптарына сәйкес, оның елу екісі ғана қан тапсыруға жолдама алды. Жас та болса, осындай сауапты да қайырымды іске ат салыса білген жастарға Орталық директоры, қалалық мәслихат депутаты Жандос Қуанышбекұлы Нәдіров өз ризашылығын білдірді.

 «Қан тапсырып, өмірге үміт сыйла!» қайырымдылық акциясына қатысып, өздерінің донор болуға деген өтініштерін білдіріп жатқан студенттерге шын жүректен алғыс айтамыз. Сіздердің бұл қайырымдылық істеріңіз аурухана төсегіне таңылып, бір тамшы қанға зәру болып жатқан науқас балалардың өмірін құтқаруға жұмсалатынын білсеңізідер, жүректеріңізді қуаныш сезімі билері анық. Адам үшін адамның өмірін құтқарудан артық сауапты іс болмас. Сіздер донор болуға ықылас танытып қана қоймай, біздің қоғамда жақсы іске дәнекер болар, қайырымдылық жасауға жаны жақын жастардың барын білдіріп, қандай істе бірлесе, бірге бола алатынымызды көрсетіп, бізді қуантып отырсыздар. Тағы да сіздерге алғыс білдіреміз және де біздің Орталықтың донорлар санын арттыруға үлестеріңізіді қосқандарыңыз үшін рахмет айтамыз, - деді Орталық директоры өз сөзінде.

Қайырымдылық шарасының нәтижесінде жиырма алты литр қан жиналған, ол қан тапшылығын сезініп жатқан науқас балалар жатқан ауруханаларға жөнелтілетін болады.

Естеріңізге сала кетсек, жасы он сегізге толған, денсаулығында кінәраты жоқ кез келген адам донор бола алады. Дейтұрғанмен, қан тапсырар алдында қатаң сақталуға тиісті талаптар бар. Сол талаптарды орындай білсеңіз, ДОНОР деген құрметті тұлғаның қатарына қосыла аласыз.

 Ал болашақ дәрігерлердің бұл қайырымды істері жастар арасында өз жалғасын табатынына сенімдіміз.