Қазақстандық жас гимнаст мезгілсіз қайтыс болды

Қазақстандық жас гимнаст  мезгілсіз қайтыс болды
Сурет: Olympic.kz

Жас спортшы Аян Молдағалиев небары 22 жаста еді.

Бұл туралы Қостанай облыстық спорт басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Алтыншы маусым күні спорттық гимнастикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері Аян Молдағалиевтің өмірден өткенін өкінішпен хабарлаймыз. Ол атақты спортшы болды және мансабында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Аян 2007 жылдан бастап жарыстарға қатысып, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы атанды. Ол халықаралық турнирлерде де жеңіске жетіп, өзінің жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеді. Аян ұлттық құраманың мүшесі атанып, елдегі спорттық гимнастика тарихында өшпес із қалдырды», - делінген хабарламада.

Аян Молдағалиев 2018 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып, алтыншы орыннан көрінді.

Сондай-ақ сол жылы Индонезияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған.

Жақындары мен туыстары жас спортшыны бүгін мәңгілік сапарға шығарып салады. Әзірге, гимнастың мезгілсіз дүниеден өтуіне не себеп болғаны айтылған жоқ.