Сөре тағы толықты

Сөре тағы толықты
almaty-akshamy.kz

Алматыда орналасқан ЛА-155/6 мекемесі – еліміздегі кәмелетке толмаған қылмыскерлер жазасын өтейтін жалғыз оқшаулау орны. Қазіргі уақытта түзеу мекемесінде бас бостандығынан айырылған 59 жасөспірім отыр.

Балалар колониясында олар төрт қабырғада қамалып отырған жоқ, әрине. Мектепте оқиды. Кәсіптік білім алады. Түрлі әдеби-мәдени іс-шараларға қатысады. Ал мекеме ішінде жұмыс істеп тұрған кітапқа бай кітапхананың орны тіпті ерекше. Жазасын өтеушілер бос уақытында осы жерден өздеріне керекті ақпарат алады, көркем шығармалар оқиды. Ал бұл аяғын жаза басқан жеткіншектер үшін аса қажет екені айтпаса да түсінікті.

Қазіргі таңда мекеме кітапханасының  қорында барлығы 3020 кітап бар. Оның 1200-і қазақ тілінде, ал 1820-ы орысша. Мұнда әдеби кітаптар, фантастикалық, детектив шығармалар, шетелдік классика, психологиялық жанрда жазылған туындылар көп. Сондай-ақ, кітапхана сөресінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы рұқсат еткен 55 діни кітап бар. Осы орайда айта кетсек, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері кітапханаға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында былтыр 43 кітап сыйлаған.

Жуырда колония кітапханасы тағы да жаңа кітаптармен толықты. Кітап болғанда қандай! ҚР-ның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова жасөспірімдерге 5 электронды планшет-кітап тарту етті. Сондай-ақ, шаһардағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының мамандары сөреге 100 кітап әкеп қосты. Ал «Караван» газетінің ұжымы 350 кітап сыйлады.

ЛА-155/6 мекемесінде бас бостандығынан айырылған балалармен тәрбиелік жұмыстар жүргізетін маман Е.Жеңісханның айтуынша, жасөспірімдер бос уақытында кітапханаға, кітап оқуға асығып тұрады екен. Бұл жақсы ғой. Демек, аяғын жаза басқан балалардың түзелуіне, ертеңге деген сенімін жоғалтпауына кепілдік бар.