Соғыс ардагерінің сүйегі 79 жылдан кейін туған өлкесіне жерленді

Соғыс ардагерінің сүйегі 79 жылдан кейін туған өлкесіне жерленді
Сурет: Almaty.tv

Соғысқа кетіп оралмаған сарбаздың сүйегі Ресейдің Новгород облысынан табылған.

Соғыс ардагерінің сүйегі 79 жылдан кейін туған өлкесіне жерленді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

80 жылға жуық жоғалғандар қатарында болған жауынгер 1916 жылы Жуалы ауданында туған. Соғысқа кетіп оралмаған сарбаздың сүйегі Ресейдің Новгород облысынан табылған. Ал артынан қара қағаз ғана келген азаматтардың сүйегін іздеумен арнайы топ айналысады.  

«Біздің атаның аманаты» деген қоғамдық ұйымы Ресей федерациясындағы іздеу командасымен бірігіп тапқан. Іздестіру жұмысы жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 12 жауынгердің сүйегі табылды. Оның ішінде 8 офицер бар. Іздеу жұмысына қазақстандықтар көмектесті. Өскелең ұрпақты әскери патриот ретінде тәрбилеу керекпіз. Ата-бабаларымыздың соғысқа қатысып, жеткен жетістіктері, ерлігі жеткізіліп отыруы тиіс», – деді Оңтүстік өңірлік әскери қолбасшылығы басқармасының аға офицері Эльмира Жұмашева.

Сапарбай Имахаевтың туыстары Жуалы ауданына қарасты Тәттібай Дүйсебай ауылында тұрады. Ардагердің сүйегі осы елді мекенде тұратын туысына табысталды.

«Осы уақытқа дейін ешқандай хабар болмаған. Елімнің, жұрттың арқасында осындай мәртебеге жеттім. Атамның сүйегі табылып, топырақ бұйырғанына қуаныштымын. Бұдан кейін соғыс болмасын, ел аман, жұрт тыныш болсын», – деді Сапарбай Имахаевтың немере інісі Қосмұрат Имахаев.

Әскерилердің ақпаратына сәйкес, алда жұмыс жалғасын таба бермек. Ерлік жасаған ерлердің есімі ешқашан ұмыт қалмайды.