Сыйлағаның - сүйгенің ...

Сыйлағаның - сүйгенің ...
Сурет: Qarmaqshy-tany.kz

Жас жұбайлардың отау көтеру тойында тілек айтқан салиқалы бір жеңгейдің «Махаббатпен көтерілген шаңырақ іргесінің мықты болуына – ең әуелі сыйластық, одан кейін – қимастық негіз болады» дегені бар еді. Ойлап қарасаң, ұнату мен жек көрудің арасы – қас-қағым сәт. Ал сыйластық – балталасаң да бұзылмайтын ең ізгі, ең ұлы сезімдердің бірі. Жалпы, өмірде, оның ішінде отбасылық тіршілікте адамдардың бір-бірін сыйлауы дегеніміз не? Сыйласаң, демек сүйетін болғаның ба, әлде керісінше ме? Бүгінгі әңгімеміз де осы төңіректе болмақ.

***

Қазақ отбасында ер адам – әуелден-ақ асыраушы, сақтаушы. Азаматтық тұлғасымен де, қадір-қасиетімен де үй ішіндегілер үшін ол – асқар тау есебінде. Ал әйел адам – күйеуінің тапқанын ұсқатып, отбасының берекесін кіргізетін ұйытқы. Яғни ерлі-зайыптылардың әрқайсысының өз орны, өз міндеті бар және бірінің сөзін бірі тыңдайды, бірінің ойына бірі құлақ асады. Осының өзі – сыйластық, адамның адамға құрметі. Осы сезімнің бүгінде азайып бара жатқанына не себеп? Ерлі-зайыптылардың бір-бірінің сөзіне құлақ асқысы келмейтіні несі? Көршісіне немесе әріптесіне ерекше ізетті жұбайлардың бір-біріне қарапайым ілтипат білдіруге қабілетсіздігі қалай?

Мамандардың пікіріне жүгінсек, сыйлау дегеніміз – басқа бір адамды өзінің барлық болмыс-бітімімен қабылдау, шын мәнісінде қандай болса, оны тап сол күйінде жақсы көру. Жұбайының мінезін өзіне ұнамды болатындай  етіп, «біраз өзгертуге» тырысатын, оның бетегеден биік, жусаннан аласа болғанын қалайтын адамның әрекеті күлкілі. Мұның өзі – екінші жартысын сыйламағандық және ол ешқашан жақсылыққа апармайды.

Тұжырым: сыйластықтың жоқтығы – екі адам үшін де қорлықпен пара-пар. Сондықтан жұбайыңызды сыйлаңыз! Оның көзқарастарының өсіп-жетілуіне еркіндік беріңіз. Қимас адамыңыз сіз солай қалағандықтан емес, ең әуелі өзі үшін өмірде бірдеңеге қол жеткізуге тырысатын болсын. Қысым жасау ниетінен аулақ ізет қана сыйластықтың ең биік шыңына жеткізеді.

 Махаббат – екі адамның бір-біріне тартылысы. Құштарлық – адамзат ұрпағын жалғастыратын мәңгілік түйсіктің негізі. Ал некенің негізі – сыйластық. Осы орайда, мейірім-шапағаты көңіл күйіне байланысты күйеуді елестетіп көріңізші. Бүгін оған әйелінің киімі ұнамай қалады, ертең бастығы көңілін түсіріп жібереді. Сөйтіп, үйде айғай-шу шығарады. Сонда оның махаббаты қайда қалды? Сол сияқты, сезімі көңіл күйіне тәуелді әйелді алып қарайық. Бүгін күйеуіне көңілі толмады, өйткені ойындағыдай жұмысқа тұрмады, көп ақша таппады. Сөйтіп, сүйікті адамын қорлай бастайды. Махаббат аумалы-төкпелі көңіл күй мен сезімдердің ойыншығына айналған мұндай неке ұзаққа бара ма? Некеге мызғымас негіз керек. Ол негіз – өзара сыйластық.

Тұжырым: Сыйластық қиын мезетте әркімнің өз бет-бейнесін сақтап қалуына мүмкіндік береді. Ерлі-зайыптылардың тұтас бір бүтінге айналуына, бір-бірінің шамына тиместен, әрқайсысының өзіндік қасиетін көрсетуіне көмектеседі. Екі адамның әрқайсысы өзінше бағалы және қайталанбас. Ең ғажабы, олар – жер бетіндегі бір-біріне ең жақын жандар. Сыйлай білу – некедегі үйренуге тұрарлық ең маңызды қасиет.

Өзара сыйластық болған жерде ерлі-зайыптылардың әрқайсысы жұбайының қалауына сай, лайық болуға тырысады. Сыйластық – жұбайлардың бір-біріне ұсына алар ең керемет сыйы. Отбасын сақтап қалатын да сол. Сен өзгені сыйлай отырып, өмірлік серігің етіп соны таңдағаныңды мақтаныш етесің. Өзара сыйластықпен өрілген отбасы үшін сырттағылардың ешқандай соқтығуы сөз емес. Мұндай некені ештеңе бұза алмайды. Махаббат пен сыйластық, сыйластық пен махаббат ерлі-зайыптыларды байланыстыратыны соншалық, бара-бара екі асыл сезімнің бірі екіншісіне ұласып кете барады.

Негізі, бойжеткендердің көпшілігі тұрмысқа шығуды «бақыт жетуге талпынудың соңғы нүктесі» деп есептейді. Әрине, бұл – түбірімен қате пікір. Себебі мінездердің ынайы шарпысуы, түсінбестік, дау-жанжал, бәрі-бәрі отбасын құрғаннан кейін ғана басталады және шаңырақ шаттығына сызат түсіретін де – солар. Сондықтан өзара сыйластық пен сүйіспеншілікті сақтап қалу шын мәнісінде үлкен өнер болып табылады.

Тұжырым: физика заңдылығының отбасылық өмірде пайдасы зор. Яғни қандай әрекеттің болсын, өзіне пара-пар әрекетті туғызатынын ұмытпаңыз, өзіңіз не істесеңіз, күйеуіңіз де соны істейді, оған қалай қарасаңыз, ол да сізге солай қарайды. Егер сүйетініңіз рас болса, ашумен болса да, ауыр сөз айтпаңыз, өйткені сөз сүйектен өтеді.

Әдетте жұрт «махаббат сезімі ғашық болудан бастап, сыйластық пен қимастыққа дейінгі бірнеше кезеңдерді қамтиды» деседі. Бірақ бір-біріне өмір бойы аялай қарап, қол ұстасып өтетін ерлі-зайыптылар да жоқ емес. Демек олар – сыйластық сезімін бойына терең ұялата білген жандар. Бойдағы ізгі сезімдерді қарабайыр тірліктің қалқасында қалдырып қоймауға сіз де күш салыңыз. Сүйіктіңіздің көңілін аулап, әсерлі демалыстар ұйымдастырыңыз. Жылы сөздер айтып, жүрегін баураңыз. Өзара қарым-қатынастың бір сарынды әдетке,  күйбең тірлікке айналып кетуіне жол бермеңіз.

Отбасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті сақтап қалу оңой нәрсе емес. Бірақ кез келген нәрсенің ең әуелі өзіңді қолға алудан басталатынын біліп қойыңыз. Тапқыр болыңыз, таңқалдыра біліңіз, жұбайыңызды алғаш ғашық болған кезіңіздегідей жақсы көріңіз және тап осы адамды сүйіп таңдағаныңызды ұмытпаңыз.

Тұжырым: махаббатсыз отбасын құру мүмкін емес. Ал сыйластықсыз неке берік болмайды. Ал махаббаттары сыйластыққа негізделген қос жүрекке қорқатын ештеңе жоқ. Олардың отбасылық кемесі кез келген дауылдар мен сынақтарға төтеп бере алады. Өйткені бір-бірін шексіз сыйлайтындар ғана бір-бірін шынайы сүйе алады.

 (Ғаламтор материалдары негізінде әзірленді)