Сиқырға толы үш секунд

Сиқырға толы үш секунд

1972 жылғы Олимпиадада баскетболдан ерлер арасындағы финалдық ойында қазақ Әлжан Жармұхамедов те болды.

1972 жылғы Олимпиада ойындарының баскетболдан ерлер арасындағы финалдық ойында АҚШ пен КСРО командалары кездеседі. АҚШ құрамасы сөзсіз фаворит саналды. Себебі 1936 жылдан бері, яғни баскетбол жазғы ойындар бағдарламасына қосылғаннан бастап, америкалық спортшылар ешқашан жеңілмеген.

Олар қатарынан 7 рет алтын алып, жеңіс сериясын КСРО-ға қарсы шешуші кездесуге дейін 63 ойынға дейін жеткізген. Алайда, Кеңес құрамасы да әлсіз болмады. Тәжірибелі Сергей және Александр Беловтар бастаған команда кем дегенде 7 жылдай құрама сапында бірге ойнап, шебер ұжымға айналған. Олардың сапында қазақ баскетболшысы Әлжан Жармұхамедов те болды.

Шешуші кездесу Олимпиада үшін арнайы салынған және 7 мыңға жуық көрермен сыятын Мюнхендегі «Руди-Зедльма- йер-Халле» аренасында өтті. Қарсылас команданың фаворит екеніне қарамастан, ойынның басынан-ақ кеңестік ойыншылар өздерін белсенді көрсете білді. Алғашқы үш минуттан соң есеп КСРО басымдылығымен 5:0 болды. Америкалық ойыншылардың қарымта шабуылдарына қарамастан, ойын бойы кеңестік баскетболшылар 4:8 ұпайға алда отырды. Кездесудің бірінші жартысы 26:21 есебімен аяқталды. Матчтың екінші жартысы да соңғы минуттарға дейін дәл осындай кейіпте өтті. Тек ойынның бітуіне 6 секунд қалғанда 49:48 есебімен жеңіп тұрған КСРО құрамасы Александр Белов қателігінен кейін ойын бойы алғаш рет артта қалды.

Есеп тақтасында кездесу соңына дейін 3 секунд қалғаны көрсетілді. Бірақ бұл тақтада бірнеше рет техникалық ақаулар болып, доп ойынға 3 қайтара енгізілді. Үш мәрте допты ойынға қосқан Едешконың бұл жолғы пасы бар алаңды ұшып өтіп, Александр Беловқа дәл жетті де, кеңестік баскетболшы допты сақинаға кигі­зіп жіберді. Сиқырға толы 3 секунд Кеңестік құраманы Олимпиада чемпионы етті.