Шоу-бизнес – әлі де той-бизнес

Шоу-бизнес – әлі де той-бизнес
Viktoriya-essentuki-s.ru

Былай қарасаң, бүгінде шығып жатқан жаңа ән көп. Бірақ іліп алары шамалы. Көпшілігі алғашында біраз айтылып жүреді де, артынша ұмыт болады. Ал бүгін бар, ертең жоқ арзан дүниелермен ұлттық эстрада деңгейін қалай көтермекпіз?

Кәрі-жастың жүрегіне бірдей жол табардай өміршең, шынайы шығармалар бойында ұлттық рух, мінез, табиғи талант астасып жатқан дарын иесінен ғана туса керек. Мұның сыртында заманауи білім мен білік те аса маңызды. Яғни өз қазанымызда ғана қайнайтын уақыт өтті. Мысалы, эстрада өнерін немесе шоу-бизнесті заңды тұрғыда негіздеп отырған кім? Әрине, Америка, Англия, Еуропа. Осы орайда, өнерімізді дүниежүзілік деңгейге көтереміз десек, бізге олармен санаспауға болмайды. Яғни олар қандай аспапта ойнайды, қалай аранжировка жасайды, оны ескеру шарт. Бұл ретте белгілі әнші-композитор Жеңіс Сейдолла кезінде:

«Сіз қазір орыс әндерінің 99 пайызынан балалайканы немесе баянды кездестірмейсіз. Біз, керісінше, әндеріміздің 99 пайызына домбыраны да, қобызды да, бәрін-бәрін тыққыштап тастағанбыз. Рас, «МузАрт» пен кейінірек трио, квартет болып шыққан жігіттеріміздің біразы ұлттық аспаптарды ән-әуендеріне жақсы қолданды да. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты, шегі бар. Әлемдік деңгейге шығу үшін бізге енді көп нәрселерді басқаша ойластыру керек», – деген пікір айтқаны бар.

Бір анығы, қазіргі уақытта қазақ әнінің, жалпы, қазақ өнерінің бірден-бір тыңдарманы, тұтынушысы қазақ халқы ғана болып отыр. Енді «Мұны өзгерту мүмкін бе? Басқаша айтқанда, қайткенде ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейте аламыз?» дегенге келсек, бұл арадағы мәселе кәсібилік пен шеберлікке байланысты. Мысалы, халықаралық деңгейдегі аранжировкамен әрлесек, өңдей алсақ, кез келген қазақша әнді, тіпті халық әнін де бүкіл дүние жүзі тыңдар еді, әлемдік деңгейдегі үлкен конкурстарға да қысылмай қатыстырар едік. Өкінішке қарай, бізде сондай мамандарды, әншілерді мемлекеттік деңгейде арнайы дайындауға көңіл бөлінбей отыр. Рас, шоу-бизнесті көтеруге тырысып жүрген жеке продюсерлер жоқ емес. Бірақ Ж.Сейдолла айтпақшы, қанша тырысқанымен, бәрібір олардың шоу-бизнесі той-бизнеске айналады. Өйткені, олардың сүйрелеп жүрген Линдасы, «Ордасы», Мақпал Исабековасы, бәрі-бәрі – Қазақстанның деңгейіндегі әншілер. Егер стильді өзгертпесе, айтып жүрген әндеріне халықаралық деңгейде аранжировка жасатпаса, одан шыға да алмайды.

Эстрада мен шоу-бизнестің халықаралық деңгейге сай өлшемін Англия, Америка, Еуропа музыканттарынан көруге болады. Сол себепті де, өзін «композитормын» деп есептейтін әрбір адам шет елдің жақсы-жақсы деген әндерін тыңдап, содан бірдеңе үйренуге тырысуы керек. Ән-әуенімізді олардың үздік аранжировкасымен байытып, өзара үйлесім тапқаннан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Бізде жақсы дыбыс режиссерлері, аранжировка жасайтын мамандар әлі де тапшы. Әншілеріміз сол үшін біресе Мәскеуге, біресе Ташкентке сабылып жатады. Бұл ретте мамандар: «Осындай қажетті, зәру мамандықтар бойынша жастарды шет елге жіберіп, оқытуымыз қажет. Үкімет оған қаржы бөлуге тиіс.

Мысалы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша заңгерлерді, математик, физик, химиктерді, жалпы, қаншама адамды жіберіп жатырмыз! Соның ішінде музыкант та, пианист те, скрипкашы да кетуге тиіс», – деген пікірде. Сол кезде ғана біздің музыка көтеріледі, сол кезде ғана біздің музыканы шет ел біле бастайды, өзара шығармашылық байланыс орнайды, қарым-қатынас, араласу басталады. Сөйтіп, мәдениетіміз де, шоу-бизнесіміз де көтеріледі.