Шетелдік алаяқтарға көмектескен тұрғын ұсталды

Шетелдік алаяқтарға көмектескен тұрғын ұсталды
Сурет: Gov.kz

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ол заңсыз трафик және телефон байланысын ұйымдастырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен заңсыз трафик және телефон байланысын ұйымдастырды деген күдікпен Қазақстан азаматын ұстады.

Тергеу болжамы бойынша, күдікті шетелдік қаскүнемдерге алаяқтық әрекеттерін жүзеге асыру үшін Қазақстанға соғылған қоңырауды жасыруға мүмкіндік беретін қызмет көрсеткен.

«Бұл операциялар шетелдік нөмірлерді қазақстандыққа ауыстыратын арнайы құрылғыны және зиян келтіретін бағдарламалық қондырғыларды пайдалана отыра жүзеге асырылған. Сол арқылы күдікті ұлттық байланыс операторларына залал келтіре отырып үстеме пайда алған, ал шетелдік алаяқтар оның қызмет көрсетуін пайдаланып, республика тұрғындарын алдаған», - делінген ҰҚК таратқан хабарламада.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 210-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды.

Соңғы 3 жылда 43 млрд теңге шамасында залал келтірген 59 мың интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.