Шетел архивтерінен алаштықтар туралы тың деректер іздестіріліп жатыр

Шетел архивтерінен алаштықтар туралы тың деректер іздестіріліп жатыр
Сурет: Дереккөз

Ғылыми айналымға енгізу үшін жұмыс тобы жасақталмақ

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен «Алаш» қозғалысының басқа да көрнекті қайраткерлері туралы шетел архивтерінде сақталған деректер іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Бұл туралы Әділбек Қаба өзінің Facebook парақшасында жазды.  Ол деректер табылған жағдайда оларды ғылыми айналымға енгізу үшін тіл білімі, әдебиет және тарих саласы ғалымдарынан құралған жұмыс тобы жасақталғанын хабарлады.

«Он адамнан тұратын экспедицияның алғашқы легі жоспарға сәйкес және алаштанушы, ахметтанушы ғалымдардың ұсыныстары бойынша Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы, Татарстанның Қазан қаласындағы мемлекеттік архивтеріне барып, қазақ ағартушыларының еңбектерін іздестіріп қайтты. Бүгінгі күні бұл жұмыстар Орынбор облысының мемлекеттік архиві мен Омбы облысының тарихи архивінде жүргізілуде», - деді Әділбек Қаба.

Оған қоса алдағы уақытта осы мақсатпен Ташкент, Троицк, Хельсинки қалаларындағы архивтерді аралау жоспарланғанын айтты. Егер бұрын ешбір жерде жарияланбаған тың деректер табылып жатса, жоспарланған жинаққа еніп, көпшілік көзайымына айналады.

«Жоба аясында алғашқы екі ай тек қана ұйымдастырушылық жұмыстарға арналса, қалған төрт ай ішінде архивтерден тиісті материалдар іздестіру, техникалық өңдеу, сараптау және жинақты әзірлеу жұмыстары жүргізілмекші», - делінген жазбада.