Шешенстанның халық әртісі қазақша ән салды

Шешенстанның халық әртісі қазақша ән салды
Сурет: YouTube

Қазақ еліне құрмет білдірілді!

Шешенстанның Халық әртісі Элина Муртазова қазақша ән шырқап, елді тәнті етті. Ол қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі «Ана туралы жыр» әнін орындап, видеоның кавер нұсқасын YouTube-қа жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Видеоның түсіктемесінде: «Ана... Әлемнің барлық тілдерінде ғажап естілетін сөз. Шешенстан Республикасының Халық әртісі Элина Муртазова барша аналарға арнап осы бір жан тебірентерлік, әсерлі әнді қазақ тілінде орындады», – деп жазылған.

Онда екі халықтың арасын ұзақ уақыт бойы бауырлық, достық қарым-қатынас байланыстырып тұрғаны атап өтілген.

«Ата-бабаларымыздың тарихы мен бастан өткерген қиыншылықтары бізді біріктіреді. Шешен халқы ауыр күндерді бастан кешкенде Қазақстан көмек қолын созды», – деп жазған автор.

Элина Муртазова үшін Қазақстан екінші Отаны іспетті. Әнші бір кездері біздің елде тұрған.