Шахмат олимпиадасы: Қазақстан әйелдер құрамасы бірінші рет жеңіліс тапты

Шахмат олимпиадасы: Қазақстан әйелдер құрамасы бірінші рет жеңіліс тапты
сурет: Inform.kz

5 тамызда Қазақстан әйелдер құрамасы Вьетнаммен ойнайды

Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістанда өтіп жатқан Шахмат олимпиадасында Әзірбайжанға есе жіберді. Бұл - қазақстандық шахматшылардың аталған сайыстағы алғашқы жеңілісі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Спорт Шредингера» тelegram -каналының хабарлауынша, әйелдер құрамасы Әзірбайжан командасынан 1:3 есебімен ұтылған. Ал, Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева қарсыластарымен тең түссе, Ксения Балабаева мен Гүлісхан Нахбаева жеңіліс тапты. 

Осылайша, әйелдер құрамасының еншісінде 4 жеңіс, 1 тең ойын және 1 жеңіліс бар. Бұл көрсеткішпен қазақстандық команда Үндістандағы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының турнир кестесінде 6-орыннан 14-орынға сырғыды. 

Бүгін - спортшылар үшін демалыс күні. Кейін 5 тамызда Қазақстан әйелдер құрамасы Вьетнаммен ойнайды. 

Еске салсақ, кеше Шахмат олимпиадасында Қазақстан ерлер құрамасы Чехияны 2,5:1,5 есебімен ұтқанын жазып едік.