Серік Шәпкенов COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі әлеуметтік қолдау шаралары туралы хабарлады

Серік Шәпкенов COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі әлеуметтік қолдау шаралары туралы хабарлады
Сурет:Gov.kz

Министр 2020 жылы ТЖ режимі мен карантин енгізілген кезде халықты қолдаудың қосымша шаралары көрсетілгенін атап өтті.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халыққа есеп беру кездесуінде төтенше жағдай (бұдан әрі – ТЖ) режимі және COVID-19 пандемиясына байланысты карантиндік шектеу шаралары кезеңінде ұйымдастырылған қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер енгізілді:

- біріншіден, қызметін шектеуге байланысты табысынан айырылған азаматтар үшін – ең төменгі жалақы мөлшерінде төлемдер енгізілді. ТЖ және карантин кезеңінде оларды 476 млрд. теңге сомасына 4,6 млн. адам алды;

- екіншіден, жұмыста COVID-19 жұқтырған дәрігерлерге және медицина қызметкерлері қайтыс болған жағдайда олардың отбасыларына төлемдер қарастырылды. 9,5 мың адам 20,5 млрд теңге сомасында төлем алды.

Бұдан басқа, ай сайын әлеуметтік жағынан осал санаттардағы 1 млн-нан астам азамат жалпы сомасы 25 млрд теңгеге азық-түлік жиынтығы түрінде қолдау алды (табысы аз отбасылардың балалары, жұмыссыздар, мүгедектігі бар балалар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған 1-3 топтағы мүгедектігі бар адамдар).

Инфекцияның көбею қаупін азайту үшін:

- 600 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау;

- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар 55,5 мың адамға жәрдемақы төлеу мерзімдері автоматты түрде ұзартылды.