Ірімшікті күн сайын пайдаланудың зияны қандай?

Ірімшікті күн  сайын пайдаланудың зияны қандай?
Сурет: Roscontrol.com

Диетолог ірімшікті белгілі бір мөлшерде ғана жеуге кеңес береді

Мамандар бұл өнімді жиі тұтыну бірқатар ауруларға әкелуі мүмкін дейді. Ірімшікті белгілі бір мөлшерде қолдану адам денсаулығы үшін пайдалы, алайда күнделікті тұтыну кезінде оны нормасынан артық пайдаланған кезде, денсаулыққа зиянын да тигізуі мүмкін. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz тілшісі РЕН-тв сайтына сілтеме жасап хабарайды.

Ірімшіктің зияны қандай? 

Ірімшікті күн сайын қолдану жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына, бірінші кезекте, атеросклерозға әкелуі мүмкін екенін СПбГУ медициналық факультетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, диетолог дәрігер Андрей Бобровский ескертті. 

Оның үстіне, дәрігердің айтуынша, ірімшікті шектен тыс қолдану басқа да аурулардың дамуына әсер етуі мүмкін. 

«Несеп-тас ауруы мен гипертония ірімшікті еш ойланбай көп тұтынудан болуы мүмкін. Сонымен қатар, ірімшіктің көптеген түрлерінде тұздың мөлшері көп болады, ал бұл көптеген аурулардың асқынуы үшін триггер болып саналады», - деді Андрей Бобровский.

Диетолог күніне 100-150 грамм сыр қолдануға болатынын ескертті. Өнімді осынша мөлшерде пайдалану денсаулыққа зиянсыз. 

Өнімнің пайдасы

Диетологтың айтуынша, ресейліктер ірімшікті көп тұтынады. Біздің елде де дүкен сөрелерінде бұл өнімнің бірнеше түрі бар. Соған қарағанда оны қолданатындар аз емес. Ірімшік  ақуызға және аминқышқылдарға бай келеді, тез қорытылады және жалпы ағзаның жұмысына пайдасы мол.  

Оның үстіне, дәрігердің айтуынша, бұл өнімді, әсіресе, қыста тұтынған пайдалы. Себебі оның құрамында B тобының дәрумендері бар.

«Түн ұзара түскен қыс айларында, яғни күн жарығы азайған шақта - бұл қаңтар және ақпан айлары  - B12 дәрумені ұйқы ритмін қалыпқа келтіреді, күннің жетіспеушілігімен байланысты депрессияның алдын алу құралы ретінде пайдалы болып келеді», - деп түсіндірді сарапшы.