Рингке 223 рет шығып, оның 199-ын нокаутпен аяқтаған

Рингке 223 рет шығып, оның 199-ын нокаутпен аяқтаған
e-history.kz

Бүгін - қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының туған күні

Рингке 223 рет шығып, оның 199-ын нокаутпен аяқтаған, бокстан Қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы туралы. Бұл ағамыз бұдан 100 жылдай уақыт бұрын, яғни 1916 жылдың 29 қазанында Маңғыстау облысының Жармыш ауылына қарасты Сарқауақ деген жерде дүниеге келген. Оның есімі тұмсығы тасқа тимей қайтпайтын бекіре тұқымдас шоқыр атты балықпен орайлас қойылған екен.

Қазақстанда алғаш рет 1937 жылы Алматы қаласында бұл ағамыз бокстан ел біріншілігін ұйымдастырып, қазақ боксының тарихын бастап береді. Бокс спортының тарихында бұл қоғам кейін кең өріс алып, «Динамо», «Спартак», т. б. аталып, үлкен кеңістіктерге шығады.

Қылышынан қан тамып тұрған 40-жылдары өз тегін «ұлы» деп жаздырған тұңғыш қазақ та осы – Шоқыр Бөлтекұлы.

«Алматының көшесінде жігіттерімен бірге Шоқыр атамыз келе жатқанда, бәрі қоғадай жапырыла жол береді екен. Сол кездері Шоқыр атамыздың беделі қазіргі әлемдік әншілерден биік болмаса, кем болған жоқ», - дейді белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбек.

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген халық нақылына келтірілген мысал Шоқыр Бөлтекұлының өмірінде де бар.

Шоқыр соғыстың кезінде фамилиясына ұлы деп жаздыртқанын айттық. Тегін ұлы деп жаздыртқаны үшін талай жеңілдіктерден айырылып, сан мәрте соққы жеген.

Батыр Бәукең, Бауыржан Момышұлының өзі:

«Екі-ақ нағыз қазақ бармыз, бірі – мен, бірі – Шоқыр», – дейді екен...

Сөйтсек, тегін (фамилиясын) -ов, -ев деп өзгертпегенін меңзеген екен-ау..

Burahan Daqanov парақшасынан алынды