Президенттікке тағы бір кандидат әйел ұсынылды

Президенттікке тағы бір кандидат әйел ұсынылды
Сурет: Zakon.kz

Ол - отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелерімен айналысқан заңгер.

«Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі президент сайлауына Салтанат Тұрсынбекованың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Иә, бүгін мені президенттікке ұсынды. 11 қазан үміткерлерді ұсынудың соңғы күні екенін білеміз. Бірақ жұмыс күні кешкі сағат 18:00-ге дейін ғой, уақыт әлі бар. Заң бойынша бүгін құжат тапсырамыз», - деді Тұрсынбекова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Заңгер Салтанат Тұрсынбекова отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелерімен айналысқан. Әйелге қол көтеретін басбұзарларды қоғамдық бақылау институттарын құру бастамасын да көтерген.

Тұрсынбекова Астана қаласының қоғамдық кеңесіне кіреді. Бұдан бөлек, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат ұлттық комиссияның мүшесі.

Бас прокурордың маңызды істер жөніндегі аға көмекшісі болған. «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасына жетекшілік етті.