Шетелдік көліктер қалай заңдастырылады?

Шетелдік көліктер қалай заңдастырылады?
Сурет: Almaty.tv

Біржолғы заңдастыру туралы жариялады.

Қазақстандық полицейлер шетелдік көліктер қалай заңдастырылатынын айтты, деп хабарлады Almaty-akshamy.kя Polisia.kz сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру туралы жариялады. Бұл шара іс жүзінде қалай іске асатыны жайында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев айтып берді. 

«Қазіргі уақытта заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілуде. Парламент Салық кодексіне енгізілген алғашқы түзетулерді қабылдады. Заңдастыруға жататын автокөліктерді бастапқы тіркеу үшін төленетін алымды 200 мың теңге көлемінде деп белгіледі. Бір мезгілде екінші заң жобасының аясында Экологиялық кодекске түзетулер енгізілуде. Ол жерде заңдастырылатын автокөліктер үшін кәдеге жарату төлемін алып тастау бөлігінде түзетулер енгізіледі. Аталған түзетулер басқа заң жобасы шеңберінде Парламентте қаралуда. Одан басқа Ішкі істер министрлігі заңдастыруды жүргізудің тәртібін, шарттары мен мерзімдерін айқындайтын Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуде. Аталған жоба ағымдағы жылдың 29 қарашасында ашық талқылау рәсімінен өту үшін ІІМ-нің ресми сайтына орналастырылды», - деді спикер.

Оның айтуынша, іздеуде жүрген (қылмыстық көлік) немесе толық кедендік тазартудан өтпеген, сондай-ақ 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайды.

«Қазақстанда тұрақты жүрген шетелдік автокөліктердің нақты саны туралы деректер жоқ. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін шетелдік автокөліктерге 300 мыңнан астам автосақтандыру полисі ресімделгенін анықтадық. Автосақтандырулардың ең көбі Ресейден келген автокөліктерге берілген, олар шамамен 260 мың, Қырғызстан автокөліктері – 25,5 мың және Армения көліктері – 18 мың», - деді маман.

Заңдастыру жұмыстары жарты жыл көлемінде жүргізілетін болады.

«Қажетті заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін және тиісті Үкімет қаулысы қабылданғаннан кейін заңдастыру басталады. Бұл ретте заңдастыруды жарты жылдың көлемінде өткізу жоспарлануда», -  деді спикер.